Қоғам • 11 Маусым, 2025

Депутат кептелісті азайту үшін жұмыс күнін ерте бастауды ұсынды

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Асылбек Нұралин елорда мен ірі қалалардағы көлік кептелісін азайту мақсатында мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда жұмыс күнінің басталу уақытын таңғы 7:00–8:00-ге жылжытуды ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутат кептелісті азайту үшін жұмыс күнін ерте бастауды ұсынды

Фото: Ашық дереккөз

Депутаттың айтуынша, Астана мен басқа да ірі қалаларда көлік қозғалысының күрделенуі күн санап артып келеді. Жолдардың шамадан тыс жүктелуі мен қоғамдық көліктің тұрақсыз жүруі қала тұрғындары мен инфрақұрылымға айтарлықтай салмақ түсіреді.

«Болжамдарға сәйкес, алдағы жылдары елорда халқының саны 2 миллион адамға жетуі мүмкін. Қазіргі таңда жұмыс орындарының басым бөлігі мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандары қаланың орталық бөлігінде шоғырланған. Жақын маңдағы елді мекендерден қалаға бір уақытта ағылған адамдар көлік коллапсына себеп болады», деді депутат. 

Оның айтуынша, статистикалық мәліметтерге сәйкес, Астанада жұмыс істейтіндердің 50 пайыздан астамы мемлекеттік мекемелерде еңбек етеді.

«Осыған байланысты, орталық атқарушы органдар, ұлттық компаниялар мен олардың ведомстволық ұйымдарының қызметкерлері үшін көлік ағынын қайта бөлу мүмкіндігін қарастыру қажет. Сондай-ақ агломерациялық көлік саясаты аясында аталған санаттағы мекемелер үшін жұмыс уақытын өзгерту мүмкіндігін қарастыру керек. Зерттеулер таңғы уақыт еңбек өнімділігі тұрғысынан тиімдірек екенін көрсетіп отыр. Жұмыс уақытын сағат 9:00-ден 7:00–8:00-ге жылжыту ұсынылып отырған шараларға сай келеді», деді Асылбек Нұралин.

Осыған байланысты ол көлік саласындағы профилактикалық іс-шараларды әзірлеу, бюджеттерде ірі қалалардың инфрақұрылымын жаңғыртуға қосымша қаражат қарастыру және жол айрығын, өткелдерді жоспарлау мен салу және жол қозғалысын ұйымдастыруда орталық пен өңірлер арасындағы үйлестіруді күшейту үшін ведомствоаралық жұмыс тобын құруды ұсынды.

Айта кетейік, бұған дейін Астана әкімдігі жұмыс күнін таңғы 7:30-дан бастауды қарастырған болатын. Әкімдік мәліметінше, жұмыс кестесін өзгерту шамамен 30 мың адамды қамтып, таңғы көлік кептелісін азайтуға көмектеседі.