
Фото: abaiuniversity.edu.kz
Бүгінгі көз ілеспес жылдамдықпен алға ұмтылған жаһандану мен ғылыми прогресс білім беру жүйесіде де, тың серпін мен жаңа мазмұнды талап етіп отыр. Ақпараттар тасқыны мен цифрлық технологиялар ғасырында ойлай білетін, ақпаратты іріктей алатын, сыни көзқарас қалыптастырған жас ұрпақ тәрбиелеу – еліміздің болашағына салынған мызғымас негіз болмақ. Өйткені Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, діні берік болады. Ата-бабалар аманат еткен ұлан-ғайыр даланы аман сақтау, ең алдымен, жас буынға артылған зор үміт. Кейінгі ұрпақ Тәуелсіздігіміздің туын әрқашан биік ұстауы тиіс... сондықтан білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі», деп бұл мәселеде ұстаздар қауымына да артылар міндеттің оңай болмайтынын анықтап берді. Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің міндеттемелерін жүзеге асыру ең алдымен педагог мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарына артылары анық. Өйткені педагогикалық жоғары оқу орындар жас ұрпаққа білім берер педагог кадрлармен еліміздің орта мектептерін қамтамасыз етеді. Міне, сондықтан да болашақ маман бәсекеге қабілетті болу үшін, педагогикалық оқу орындары инновациялық технологиялар мен заманауи платформалардың орталығы болуы тиіс.
ҚР-ның Ғылым және жоғары білім министрлігі еліміздің білім саласына аса қажетті дуальді оқыту бағдарламасын қолданысқа енгізгеніне де, біршама уақыт өтті. Бұның басты ерекшелігі бүгінгі студент ертеңгі бәсекеге қабілетті сапалы маман болып шығуы үшін теориялық білім мен практиканы қатар алып жүруі керек. Яғни мемлекет мұнда жоғары мектеп пен орта мектеп арасы алшақтамай, ынтымақтастықта бірге жұмыс жасауды міндеттеп отыр. Ғасырға жуық уақыттан бері қазақ даласына білім нәрін себетін педагог-кадрларын даярлап келе жатқан қазақ білімінің қара шаңырағы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті де бұл міндетке аса үлкен мән беріп, зор жауапкершілікпен орындап келе жатыр. Бүгінгі таңда Алматы қаласы мен Алматы облысында университетіміздің 36 кафедрасының филиалдары орта мектептерде жұмыс жасайды. Мұнда біздің білікті кадрларымыз, мектеп мұғалімдеріне семинарлар өтіп, озық тәжірибелерімен бөліседі.
Біздің университеміз болашақ мамандары алған теориялық білімдерін практикамен тығыз ұштастыру үшін білім бағдарламаларындағы практикалық сабақтар сағатын көбейтіп, студенттерді 3 курстан бастап, мектеп өмірімен етене араласуына жол ашты. Нақтырақ айтқанда, педагогикалық бағыттан білім алатын студенттер 3 курста 1-2 айлық және 4 курста 7 айлық практикадан өтеді. Педагогикалық тәжірибе болмаған жерде тәрбие мен білімнің қарыштап дамуы мүмкін емес. Сондықтан өткен ғасырларда да қалыптасқан көптеген ғылыми мектептердің шәкірт тәрбиелеу бағыты педагогикалық тәжірибеге негізделді. Осы орайда қазақ білімінің қара шаңырағы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті сапалы педагог даярлау үшін мына үш қағиданы басшылыққа алып отырғанын атап айтуымыз қажет. Ол, біріншіден, мұғалімдердің біліктілігін үзбей жетілдіріп отыру, екіншіден, студенттердің практикалық білімін көтеру, үшіншіден, инновациялық цифрлы технологияларды еркін меңгерген кадр даярлау. Міне, осы үш қағиданы тең ұстаған жағдайда біздің кадрларымыз мемлекет сұранысын қанағаттандыра алатын сапалы маман болатыны сөзсіз. Сонымен қатар біз жыл сайын бекітілетін білім бағдарламаларын тек өзіміздің білікті профессор-оқытушылармен ғана емес, мектеп мұғалімдерімен және практикада үздік нәтижеге қол жеткізген білікті студенттермен бірлесе отырып жүзеге асырамыз.
Сондай-ақ өздеріңіз білетіндей соңғы үш жылда еліміздің педагог мамандарға деген талап жауапкершілікті арттыруға себеп болып отыр. Өйткені орта мектепке жолдама алған жас маман міндетті түрде Педагогтердің білімін бағалау (ПББ) тесттін тапсырып оның сертификатына ие болуы тиіс. Бұл біліктілік тесті студенттің жоғары оқу орынның қабырғасында жүріп 4 жыл бойы жинақтаған білімінің нәтижесі. Міне, мемлекеттің болашақ маманға қойып отырған талабы ЖОО-лар арасындағы бәсекелестікті арттыратыны сөзсіз. Егер өзіңнің дайындаған мамандарын мемлекет талабына сай келмей жатса, онда келешекте университетке оқуға келетін жас түлектер қатарының азаюы да ғажап емес. Сондықтан бұл бәсекеде үздіктер қатарынан табылу үшін университет үнемі ізденістің үстінде болуы тиіс.
Біздің университетіміз Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Анапияұлының тікелей қолдауымен жыл сайын өзінің студенттерін педагогикалық практикадан өткізу мақсатында тек Алматы қаласының ғана емес, Астана қаласында және сонымен қатар еліміздің шалғай облыстарының білім басқармаларымен де келісім-шартқа отырып, ынтымақтастықта жұмыс жасауды жүзеге асырып келеді.
Біздің университетіміз бүгінгі күнге дейін студенттер практикасын өткізу үшін еліміздегі білім беру ұйымдарымен 387 келісім-шартқа және 101 меморандумға қол қойды. Бұл жұмыстар біздің университет ректоры мен қалалық, облыстық білім басқармаларының басшылары және мектеп директорларының қатысуымен жүзеге асырылды.
Ұлттық тестілеу орталығының Педагогтердің білімін бағалауы бойынша Абай университеті соңғы 3 жылда жоғары нәтижеге қол жеткізіп келеді. Атап айтқанда, алдыңғы оқу жылында – 65 %, былтырғы оқу жылының көрсеткіші бойынша – 81 %, ал биылғы 2024/2025 оқу жылындағы Білім сапасының көрсеткіші 93 % болды. 2024/25 оқу жылында университетімізде педагогикалық білім беру бағыты бойынша – 2701 түлек диплом алады. Осы бітіруші түлектер биылғы сәуір айының 02-14 аралығында Педагогтердің білімін бағалау тестін тапсырды. Бітіруші түлектердің білім көрсеткішінің нәтижесі алдыңғы жылдармен салыстырғанда ілгерілеу бар екенін аңғартады. Сонымен қатар әртүрлі себептермен біліктілік тесттерін тапсыра алмаған студенттер шілде айының алғашқы он күндігінде тапсыратын болады. Осы нәтижеге қол жеткізу үшін біз өзіміздің профессор-оқытушыларымызбен және мектеп мұғалімдерімен кеңесе отырып, педагогикалық мамандықтағы білім бағдарламаларын түбегейлі жаңарттық. Білім беру бағдарламаларындағы мектеп пен университет арасындағы алшақтық жойылды. Сонымен қатар орта мектепте оқытылатын білім бағдарламаларын біз университетте тереңдете әрі өзге де ұқсас пәндермен салыстыра отырып студенттерге меңгертуді жолға қойдық. Әсіресе, метепте меңгерілетін жекелеген пәндердің ҚМЖ-ларында көрсетілген оқу мақсаттары мен бағалау критерийлерін студенттер университет қабырғасында еркін меңгеріп, мектеп тақырыбынан тыс тың тақырыптарға осы мақсаттар мен критерийлерді қоюды меңгеріп жатыр. Өйткені келесі оқу жылынан бастап, педагогикалық мамандықты бітіретін түлектер кешенді емтихан мен дипломдық жобаны тапсырмас бұрын біліктілік тесттін тапсыру міндеттеліп отыр. Егер студент біліктілік тесттен межелі көрсеткішке қол жеткізе алмаса, онда қорытынды емтиханды да тапсыра алмауы мүмін. Бұл да студенттер мен оқытушыларға деген жауапкершілікті арттыратын болады. Өйткені біз экономикасы мен ғылымы қарыштап дамыған озық мемлекет болу үшін, сол мамандарды даярлайтын педагог кадрларына деген жауапкершілікті жолға қоюымыз қажет. Сонда ғана мамандарымыз сұранысты толық қанағаттандыра алады.
Хайрулла Жанбеков,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры