Тағзым • 13 Маусым, 2025

Ақын тұрған үйге тақта орнатылды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласында Қазақстанның Халық ақыны, қоғам қайраткері Қонысбай Әбіл 2012–2022 жылдары тұрған үйге ескерткіш-тақта қойылды.

Ақын тұрған үйге тақта орнатылды

Салтанатты рәсімге Парламент Мәжі­лісі мен Астана қаласы мәслихатының депу­тат­тары, белгілі қалам­герлер Төлен Әбдік, Серік Тұрғынбекұлы, Өріс Яшүкірқызы, Камал Әлпе­йі­сова, ақынның отбасы мен шәкірттері қатысты.

Алқалы жиынды ашқан Жазушылар одағы Астана фи­лиа­лының басшысы Бауыр­жан Бабажанұлы Қонысбай Әбіл қазақ әдебиетінің қазы­насын, оның ішінде айтыс өнерін барынша байытып кеткенін, сондай-ақ Астанада ұлт мәдениетінің дамуына қосқан үлесінің өлшеусіз екенін атап өтті.

«Қонысбай Әбілдің ұйым­дастыруымен Астана қаласында республикалық деңгейде 10 рет ақындар айты­сы өткізілді. Жас ұрпақ­ты халық ертегілері кейіпкерлері рухында тәр­биелеу мақсатында «Тазша бала» байқауы қолға алынып, ел ішіндегі көптеген таланттың танылуына жол ашылды», деді Бауыржан Бабажанұлы.

Сондай-ақ Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Төлен Әбдік бүгінгі іс-шара елорданың рухани әле­мі мен қазақ қоғамындағы үлкен оқиға екенін айтты. Ұлт руханиятын биікке көтерген біртуар азаматтың кісілік кел­беті мен тұлғалық қасиетіне тоқталды.

Парламент Мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтаев, Астана қаласы мәслихатының депутаты Қанат Естек сөз сөйлеп, естелік айтты. Ақынның туыстары атынан сөз алған Ақторта Іскендірқызы Астана қа­ласы әкімдігіне, қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі бас­қармасына алғысын жеткізді.

Ескерткіш-тақтаны жазушы Төлен Әбдік пен ақынның апасы Ақторта Іскендірқызы ашты.

Айта кетейік, Қонысбай Әбіл елордада Тілдерді дамыту басқармасын ашып, ана тілімізді өркендету ба­ғытында бел шеше еңбек етті. Сол кездегі Астана қа­ласы әкімінің орынбасары Төлеген Мұхамеджановтың басшылығымен басқарма жанынан «Руханият» мемле­кеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығы ашылып, онда өзге ұлт өкілдері арнайы даяр­лықтан өтті. Сол секілді Нау­рыз мейрамын халықтық мереке ретінде тойлау, Тіл фес­тивалін қалыптастыру, Абай ескерткіші жанында «Поэзия сағатын» ұйым­дас­­тыру, елордада тұратын қа­ламгерлермен кездесулер өткізу дәстүрге айналды.

Осы ескерткіш-тақтаның елорда төрінде ашылуы халық ақынына арналған игі істердің бастауы болары анық.