
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Жылқыбайдың арманы – қымызды ұнтаққа айналдыру
Көпшілік қазір «Қарабауырдың қымызы-ай» десіп тамсанады. Бұл қымызды өндіретін «Жаз» шаруа қожалығы сонау 2003 жылы ұйымдасқан. Қожалық басшысы Жылқыбай Төлегенұлының айтуына қарағанда, атадан қалған құтты құрыққа ие болып қалса керек. Малды өз төлі есебінен өсірген, тұқымын жақсартқан, сұрыптаған. Қазір 400-ден аса жылқысы бар. 500 қойы тағы бар. Негізгі шаруа – алажаздай күмпілдетіп бие сауу. Ниеттеріне орай игілік үйіріліп тұр.
– Өнімді өндіру барда, өткізу бар. Бәлкім соңғысы қиын шығар, – дейді шаруа қожалығының басшысы, – бір жақсысы жер жәннаты Бурабай іргемізде, жаз бойы адам аяғы үзілмейді. Шипажайлармен келісімшарт жасасып, уақтылы жеткізіп береміз. Облыс орталығының сауда нүктелерімен де жұмыс істейміз. Кейінгі жылдары қымызға деген сұраныс баршылық. Әсіресе аға буын арасында. Жастар жағы қадіріне жете бермейді.
Жылқыбай Төлегенұлының арманы – қымызды ұнтаққа айналдыру. Сонда алыс-жақын шетелге өткізу оңай болар еді дейді:
– Мәселен, Германияға. Естуімізше ол жақтағы жастар бірінші орынға жұмысты қойып, сәбилерін емшектен ерте айырады екен. Неміс ғалымдары бие сүтінің құрамын зерттеп, ана сүтіне жақыны осы деп тапқан. Тек біз ұнтаққа айналдыра алмай жатырмыз.
Жылқышының пайымынша, жаңа жұмыс орындарын ашудың да бір жолы осы. Тағы бір түйткілі елдің еңбектен қол үзіп қалуы.
– Оның өзінде әрқайсының тілін табамын деп табаныңнан тозасың. Жалақысы айына 250–300 мың теңгеден кем емес. Ауылдық жерде тәп-тәуір табыс емес пе? Кейбіреуінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қолұшын бересің. Малдың тілін табудан адамның тілін табу қиын болып тұр. Жастар жағы қалаға қоныс аударған. Дәл осылай бола берсе табиғаты тамылжыған туған өлкенің құт бесігі бос тербеліп қалмақ, – дейді шаруа қожалығының басшысы, – субсидия алмаймын. Осыдан төрт-бес жыл бұрын сүттің литріне 60 теңгеден төленген. Төрт түліктің төресі жылқыға субсидия бөліп, жалынан сипап отырған ешкімді көре алмадық.
Ағы бардың бағы бар
Шаруа қожалығы күніне 500 литрге дейін қымыз өндіреді. Сұраныс болса тоннаға жеткізуге мүмкіндіктері бар. Бие сауу қысы-жазы тоқтамайды. Әулеттің келіні Зәуре Ғалиақпарованың айтуынша, қымыз баптау өнерін ата-анасынан үйренген. Өзі де жиырма жылдан бері осы істің берекесін келтіріп жүр.
– Қымыз баптау бөлек өнер. Қазір жас қыз-келіншектер бие саууды ұмытқан. Ал жарықтық жылқы малының алпыс екі тамырын исіндіріп, тас емшегін жібітіп шығатын сүттің құнары, құрамы, адам ағзасы үшін қаншалықты пайдалы екенін күнделікті қарапайым тіршілікте де, жөпшеңді адамның миы жетпес ғылымда да айқын дәлелденген. Әжелеріміз биені идіргеннен кейін бір қолымен оң жақ санының алдынан, екінші қолымен сол жақ санының артынан құшақтап отырып сауатын. Таудай бие теуіп қалады-ау деп қорқып, үрікпейтін. Қашан да сезімтал жылқы малы өзінен қорыққан адамды аңғарып сезіп тұрады. Бие емшегінің үрпі кең әрі жұмсақ келеді. Сондықтан оны тез-тез саумаса сүт ағып кетеді, әйтпесе иісініп тоқтап қалады. Сондықтан бұл арада бие саууды әншейін жай ғана бір тіршілік көзі саналатын күнкөріс деп емес, айрықша бітімді, көшпелі халықтардың ғана маңдайына жазылған өнер деп ұғынуымыз керек. Өрістен келген мама биелердің жалын тарап, сылап-сипап, еркелетіп жататын. Әу баста жаратқан ие артық жаратқан төрт түліктің төресі жылқы малы да өзін жақсы көрген, аялап-әлпештеген адамды ұнатады. «Ағы бардың бағы бар» деп халық тегін айтты дейсіз бе? – дейді Зәуре Ғалиақпарова.
Төрт түліктің төресі музыканы ұнатады
Рас, қымыз көпшіліктің асы болатын. Бие байлаған үй несібесін көпшілікпен бөлісіп ішетін. Көрші-қолаң, ағайын-туыс бір-бірін биені байлап, қашан ағытқанша дейін сыбағасы деп, ақтан ауыз тиіңіз деп шақырысып жататын. Мұның барлығы сол кездегі адамдардың бір-біріне деген кең қолтық, жомарт пейілі. Қазір жылқы ұстағанымен оның пайдасын өз басына жарата алмай отырғандар көп. Ұлттық тағамдардың ішіндегі ең құрметті дастарқан мәзірі осы қымыз. Әдетте сауылатын биелер сақа бие, қулық бие, қысырақ бие деп үшке бөлінетін. Сақа бие – сан мәрте құлындаған, саууға әбден көндіккен, бас білген бие. Қулық – құнажын немесе дөнен кезінде алғаш құлындаған бие. Қысырақ бие деп соңынан былтырғы құлыны, қазіргі жабағы еріп жүрген қысыр қалған биені айтады. Тай еміп жүргендіктен қысырақ биелер сауыла береді. Ол тұста шөптің шығымына, малдың күйіне қарай сауылатын сүтті биелерді үйдегі үлкендер іріктеп, таңдап, тұқымын үзбей ұстайтын. Құлын байлайтын қазыққа, айғырдың жалына май жағып, ырымдаушы еді. Бие байлау мерзімі мамыр айының бас кезінде болатын. Бұл кезде құлындар марқайып, жетіледі. Күніне бес-алты сағат байлауда болады.
– Бие сауумен айналысқалы он жылдай уақыт өтті, – дейді ауыл тұрғыны Асылхан Кенебаев, – бие байлауды сәуірдің соңында бастаймыз. Алғашқыда сауын арасы 1,5 сағат мөлшерінде, кейін қысқартамыз. Тәулігіне 6–7 сауынға жеткіземіз. Қожалықта жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Жатақхана бар, жалақысы уақытында төленеді.
Төрт түліктің төресі музыканы ұнатады екен. Жастар алдыңғы жылы бие сауған кезде әдемі әуендерді қоятын болған. Сезімтал мал мұндай сәттерде жақсы иеді екен.
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы