Технология • Кеше

Елімізде 100-ден астам көпірдің цифрлық көшірмесі жасалды

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда көпірлерді басқарудың бірыңғай жүйесіне пилотсыз ұшу аппараттары, цифрлық көшірмелер және жедел мониторинг әдістері енгізілуде. Цифрландыру инфрақұрылымның қауіпсіздігін арттырып, оны күтіп-ұстауға кететін шығындарды азайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде 100-ден астам көпірдің цифрлық көшірмесі жасалды

Елімізде көлік инфрақұрылымын басқару ісіне цифрлық технологиялар белсенді түрде енгізілуде. Бұл бағытта Қазақ жол ғылыми-зерттеу институты (ҚазжолҒЗИ) көпірлердің техникалық жай-күйін диагностикалау, бақылау және болжау бойынша мәліметтерді қамтитын бірыңғай цифрлық платформаны – Көпірлерді пайдалану және басқару жүйесін іске қосқан. 2023 жылдан бастап жоба аясында Павлодар, Орал және Астана айналма жолдары сынды күрделі құрылымдарды қоса алғанда, 100-ден астам көпір тексерілді. Бүгінде олардың үшөлшемді цифрлық көшірмелері әзірленіп, құрылымдардың жай-күйін қашықтан бақылауға және тәуекелдерге жедел ден қоюға мүмкіндік беріп отыр. Ағымдағы жылы тағы 60 көпір тексеріліп, цифрлық көшірмесі жасалады.

«Жүйе реактивті қызмет көрсетуден проактивті басқаруға көшуге жол ашады. Ел аумағында бірыңғай цифрлық база құрылып, тексеру нәтижелері біріктірілуде. Сонымен қатар енгізіліп жатқан бақылаудың автоматтандырылған әдістері көпірлердің қауіпсіздігі мен күтіміне деген көзқарасты түбегейлі өзгертеді», дейді «ҚазжолҒЗИ» көпір және жол құрылыстары басқармасының басшысы Шалқар Қайсар.

Жоба аясында: қолжетімсіз және ірі көлемді нысандарды қоса алғанда, көпірлерді визуалды тексеру үшін пилотсыз ұшу аппараттарын қолдану; техникалық жай-күйді бақылау мен талдау үшін үшөлшемді цифрлық модельдерді әзірлеу; пайдалану жай-күйін бағалау әдістемелері мен мониторинг жүйелерін құру қағидаттарын қамтитын нормативтік-техникалық құжаттарды дайындау сияқты негізгі шаралар атқарылып жатыр. Биылдан бастап қозғалысты тоқтатпай-ақ жедел диагностика жүргізетін мобильді экспресс-мониторинг жүйесі енгізілмек. Бұл жұмыстардың барысы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің бақылауында. Алдағы уақытта жүйе республикалық маңызы бар барлық көпірлерді қамтып, инфрақұрылымды ашық, нақты әрі тиімді басқаруға ықпал етуі тиіс.

Қазіргі күні республикамызда 3500-ден астам көпір пайдаланылады. Олардың едәуір бөлігі өңірлік және жергілікті жолдарда орналасқан. Көпшілігінің пайдалану мерзімі шегіне жеткенін және тұрақты тексеру мен техникалық бақылауды қажет ететінін ескеру керек.

Соңғы жаңалықтар