Спорт • Кеше

Әлемдік дода елімізде өтеді

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астана 2027 жылғы әлем чемпионатын өткі­зе­тін қала ретінде таң­дал­ды. Мұндай тарихи ше­шім Халықаралық үстел теннисі федерация­сының (ITTF) Бас Ассам­блеясының отырысында қабылданды. Онда 2027, 2028, 2029 жылдардағы әлем чемпионаттарын өт­­­кізетін елдер анық­талды.

Әлемдік дода елімізде өтеді

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Бірінші кезеңнің қоры­тын­­дысында АҚШ ең аз дауыс жинап, екін­ші кезеңге Қазақстан мен Фран­ция өтті. Финалдық дауыс беру нәтижесі келесідей болды: Қа­зақ­стан – 54,68%, Франция – 45,32%. Осылайша, еліміз тарихта тұңғыш рет әлемдік басты турнирді қабылдайтын болды. 2028 жылғы әлем чемпио­наты Жапонияның Фукуока қаласында өтеді. 2029 жылы әлем біріншілігін Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласы қабылдайды.

Аталған спорт түрімен әлем­де миллиондаған адам шұ­ғыл­да­нады. Бір ғасыр­лық тарихы бар үстел теннисі бүгінде олимпиадалық спорт түрі болып есептеледі.

Еліміздің әлемдік доданы өт­кізу мәртебесіне ие болуы те­гіннен-тегін емес. Үстел тен­нисі – жоспарлы түрде дамып келе жатқан бұқаралық, қолже­тімді спорт түрі. Рес­пу­блика көлеміндегі ірі қала­лардың бар­лығында үстел тенни­сі орта­лықтары ашылған. Өңір­лер­де материалдық-техника­лық база­ны нығайтудың арқасын­да үс­тел теннисімен шұғылда­­на­тын­дар саны өсіп, облыс пен ­аудан деңгейіндегі жарыстардың саны артты. Кейінгі кезеңде ал­дың­ғы қатарлы спортшыларымыз елімізден бөлек, халық­аралық беделді ареналарда сәтті өнер көрсетіп жүр.

Үстел теннисінің белсенді дамуы Қасым-Жомарт Тоқаев Федерация президенті болып сайланғаннан кейін байқалды. Мемлекет басшысы Ұлттық үстел теннисі федерациясын 13 жылдан аса басқарған уақытта елімізде бұл спорт түрі айтарлықтай деңгейге көтерілді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде елімізде үстел теннисімен 200 мыңнан астам адам айналысады. Оның ішінде жеті мыңға жуығы тұрақты түрде шұғылданады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқушы кезінде үстел теннисінен спорт шеберлігіне үміткер атанған. АҚШ-тың бұрынғы Президенті Барак Обама үстел теннисінің нағыз шебері болған. Әлемдік футбол ойынының жарық жұлдызы Криштиану Роналду да осы спорт түрін өмірлік серігі еткен. Кәсіби боксшылардың көпшілігі осы ойын арқылы шапшаң қимылдау тәсілдерін жетілдіріп отырады екен. Үстел теннисінің адам ағзасына жағымды әсері мол. Әсіресе Қытай халқы шағын тақтадағы жарыстың жай ғана ойын емес, жылдам ойлау сайы­сы екенін жақсы пайымдаған. Сондықтан бұл спорт түрін мектеп бағдарламасына енгізген. Үстел теннисімен шұғылданған баланың дені сау болып, өзін сергек сезінеді әрі сабақ үлгерімі жақсарады. Бұл ойынды бұқара­лық мақсатта дамытқан Қытай елінің денсаулық пен спортта қаншалықты алға кеткені белгілі. Олар үстел теннисі арқылы ұлт саулығын нығайтуға болады деген берік сенімде.

Үстел теннисі – шапшаң­дықты, ептілікті, зейінділікті дамы­татын, дене мен ақыл-ой үй­лесімін талап ететін, кез кел­ген жастағы адам ойнай ала­тын спорт түрі. Аула­да, мектепте, мәдениет үйлерін­де ұйымдастыруға оңай, көп қар­жы мен орын талап етпей­ді. Оны дамыту маңызы  спорт­тық жетістікпен ғана емес, халық денсаулығы мен жас­­­тар тәрбиесімен де тығыз бай­­­ла­нысты. Балалар мен жас­өс­пі­рімдердің интеллектуал­дық, физикалық дамуына жақ­­сы әсер етеді. Қозғалыс аз қоғам­да денсаулықты нығайтып, ауру-сыр­қаудың алдын алуға көмектеседі.

Еліміз көлемінде үстел тен­нисінен түрлі турнир тұрақ­ты өтіп тұрады. Соның бірі – осы сенбі, жексенбі күндері Астана, Қарағанды қалаларында өтетін еліміздің ашық команда­лық чем­­пионатының ІІ турының матч­­тары. Сайыстар супер, екін­ші, үшінші лигалар бойын­ша ұйымдастырылады. Біз бұл ойын­дардың қорытындысы жөнін­де арнайы жазатын боламыз.