Маман • Кеше

Маңайына мейірім сыйлаған

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Науқастың жанына дәрі-дәрмекпен қатар ақ көңілімен де шипа сыйлайтын, жан жылуы, төзімділігі мен ісіне беріктігі арқылы дертінен айығуына себепкер болатын мейірбикелерге жүктелетін жауапкершілік көп. Дәрігер емінің нәтижелі болуы медбикенің ем-домды уақ­тылы көрсетіп, өз міндетін мінсіз атқаруына тікелей ­байланысты.

Маңайына мейірім сыйлаған

Ақ халаттылар­дың айнымас серігіне айналып, нау­қастардың дертіне дауа да­ры­туға атсалысып жүрген ден­­саулық сақшысының бірі Зәу­реш Бекенқызының қыз­метін аудан тұрғындары жоға­ры бағалайды. Шымкент ме­ди­циналық училищесінде білім алып, еңбек жолын ауру­ханада бастаған ол – бүгінде тәжі­рибесі мол, білікті маман. 1993 жылдан бері, 35 жыл­ға жуық мейірбикелік қыз­ме­тін адал атқарып келе жат­қан жан Төлеби аудандық орта­­лық ауруханасында емде­лу­шілердің алғысына бөле­ніп жүр. Алғашқы қызме­тін ауру­хананың гинеколо­гия бөлі­мінде бастаған Зәу­реш Бекен­қызы қазірде реабили­­тация бөлімшеде еңбек етеді.

Аурухана басшысы Қар­лығаш Омарова мейірбикенің әр науқасқа ерекше жанашыр­лықпен қарап, кәсіби тұрғыда көмек көрсетіп жүрген алтын жүректі жан екенін айтады.

«Қызығы мен қиындығы мол мамандығым өзіме ұнай­ды, талай жақсы адамдармен әріптес болып бірге жұмыс істе­дік. Біздің мамандықта өз ісіңді жақсы көрумен қатар, төзімді болуың да керек. Еңбек жолымда әртүрлі қызық та, қиындық та кездесті. Нау­­қас жанның ойынан шығу оңай емес, сондықтан әрбірінің көңілін табуға тырысамыз. Ауру­ханаға ерекше бір үміт артып келетін жандардың жана­рындағы сол үміт отын жан­дандыра түсуге, сенімін ны­ғай­туға, жігерлендіруге тырыса­мыз. Көпшілік арасында ауру­хананың аурасы мен мо­­раль­дық-психологиялық ахуалы ауыр мекеме екенін ай­ту­шы­лар да, жұмыстарың қиын деп жанашырлық танытып жататындар да аз емес. Міне, осындай түсінік қалыптаспас үшін де әрбір емделушімен жылы, дұрыс қа­рым-қатынас орната білу маңызды. Кейде жаны қиналған нау­­­қас көңілге тиер сөз де ай­тып қалады. Мұндайда ке­­ші­рім­мен қарап, ештеңе ай­­тыл­мағандай мін­детімізді ат­қа­ра береміз», дейді Зәуреш Бекенқызы.

Иә, аурухана тіршілігінің өзіндік ерекшелігі көп. Кейіп­керіміз – медицина қызметкері ғана емес, үлкен әулеттің ұйытқысы болып отырған ибалы келін, көпбалалы ана. Күллі қазаққа таныс, аудан мақтанышы – Өнербаевтар әулеті қара шаңырағының түтінін түтетіп, медбикелік қызметімен қатар, үйдегі абыз ақсақал мен алтын құрсақ анаға қарап, күйеуі Жеңіс Әлтайұлымен бес ұл-қыз өсіріп-тәрбиелеген жан. Еліміздегі беделді оқу орындарында мемлекеттік грантпен оқып, шетелде тәжірибеден өткен ұл-қыздары бүгінде еліміздің алдыңғы қатарлы жұмыс орындарында табыс­ты еңбек етіп жүр. Жасы тоқсанға таяған енесіне аяулы келін ретінде ерекше күтім жасап отырған З.Бекенқызы өз отбасы ғана емес, ауылдастар мен ауыл-ай­ма­қ­тың да алғысына бөленген жан. Мейі­рімді мейірбике отбасылық шаруашылықта да белсенді. Үйде мал ұстап, бау-бақша салып, жыл сайын қысқа көкөніс пен жеміс дайындап, ауыл тіршілігінің бар шаруасын тиянақты атқарып келеді.

 

Түркістан облысы