
Сала өкілдерінің айтуынша, «Росатом» мемлекеттік корпорациясымен әріптестік орнату Қазақстанға білім беру жүйесінде біріздендірілген нормативтік құжаттар мен стандарттарды бірден енгізуге жол ашады. Бұл болашақ мамандардың кәсіби ортаға кедергісіз қосылуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар қосымша даярлыққа кететін уақыт пен шығынды қысқартуға мүмкіндік береді.
– Мен атом саласындағы кез келген жетістіктің мықты кадрлық негізден басталатынына сенімдімін. Бүгін біз сол іргетасты қалауға кірістік, – деді Ядролық физика институтының бас директоры С.Сахиев.
Бүгінгі таңда еліміздің жетекші жоғары оқу орындары – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті сынды білім ордалары, сондай-ақ шетелдік жетекші оқу орындары физика, энергетика, электротехника және тау-кен инжинирингі бағыттары бойынша 18 білім беру бағдарламасы аясында кадрлар даярлауға кірісті.
Сонымен қатар қос диплом бағдарламалары – ядролық физика мен инженерия, теориялық ядролық физика және атом энергетикасы салаларында да жүзеге асырылып жатыр.
2024–2025 оқу жылына атом саласына қатысты мамандықтар бойынша 5 000-нан астам білім беру гранты бөлінді. Бұл көрсеткіш алдыңғы оқу жылдарымен салыстырғанда едәуір көп. Мәселен, 2023–2024 жылдары бұл салада оқитын студенттер саны бар болғаны 250 адамды құраса, 2011–2023 жылдар аралығында отандық жоғары оқу орындары небәрі 1 600 маман даярлаған.
Айта кетейік, Қазақстанда Ядролық физика институты мен Ұлттық ядролық орталық секілді ғылыми-зерттеу институттары жұмыс істейді. Осы мекемелердің базасында бүгінге дейін 5 000-нан астам маман даярланған.
– Кадрлар – идеяларды шындыққа айналдыратын, атом саласының даму векторын айқындайтын басты ресурс, – деді С.Сахиев.