
Нұрбек Нәдіров 1984 жылы Түркістан облысы (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан) Шардара ауданындағы қазіргі Қоссейіт ауылында дүниеге келіп, 2001 жылы мектепті аяқтап, Қарағанды мемлекеттік медицина академиясына оқуға түседі. Студент кезінде үшінші курстан бастап Қарағандыда Мақажанов атындағы облыстық ортопедиялық орталықта мейіргер болып қызмет атқарып, кейін жедел жәрдемде фельдшер болған. Медициналық академияны 2007 жылы тәмамдаған соң, сол жылы Ақмола облысының Аршалы ауданында травматолог-ортопед ретінде еңбек жолын бастайды.
«2010 жылдан бері омыртқа қисаюын түзету бағытында хирургиялық еммен айналысып келемін. Сол жылдан бастап елордадағы Нұрлан Батпенов атындағы травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында қызмет еттім. 2012 жылдан бастап сколиозға оталарды жеке өзім жасай бастадым» дейді хирург.
Науқастың жазылуының негізгі шартының бірі – сауығуға деген құлшынысы десек, сол құлшынысты әуелі сөзбен арттырып, науқасқа күш беретін жұмсақ жүректі дәрігердің бірі Нұрбек Нәдіров орта есеппен жыл сайын 90-110 сколиоз отасын жасайды екен. Сколиоздан бөлек, воронка тәрізді кеуде қуысы деформациясы мен аяқ сүйектерінің қисайған түрлеріне де ота жасайды, бұл – өте күрделі санаттағы оталар. Сонымен қатар, басқа да травматологиялық және ортопедиялық оталарды күнделікті жасап жүр.
«Аптасына бес күн жұмыс істеп, әр күні 2-3 ота жасаймын. Сколиозға байланысты оталар әдетте ұзақ уақытты талап етеді – ең азы 3 сағат, кейде 8 сағаттан асады. Өз тәжірибемде ең ұзақ жасаған ота 11 сағатқа созылды», деді Н.Нәдірұлы.
Айта кетелік, омыртқа қисаюының бірнеше түрі бар. Соның ішінде пайда болу себебі белгісіз сколиоздың барлық түрі «идиопатиялық сколиоз» деп аталады, бұл – оны емдеудің басты қиындығы, кейде жалғыз әрі радикалды тиімді ем –хирургиялық араласу. Бұл түр (идиопатиялық сколиоз) – ең жиі кездеседі. Кейбір жағдайларда омыртқа қисаюы нейрогендік аурулардың салдарынан туа пайда болады, мұндай жағдайда бала өмірге сколиозбен келеді.
«Сколиоз ауруы елімізде кең таралған. 2011 жылғы деректерге сүйенсек, елімізде 36 мыңға жуық сколиоз жағдайы тіркелген болса, оның 31 мыңы – кәмелетке толмаған балалар. Егер соның он пайызына хирургиялық ем қажет десек, бұл – шамамен 3 мың ота. Алайда жыл сайын елімізде сколиоз бойынша жасалатын операция саны 200-ге де жетпейді, бұл көрсеткішті арттыру қажет, өйткені сколиоздың ауыр түрлері бала ағзасының дамуына елеулі әсер етеді», дейді хирург.
Медицина ғылымдарының кандидаты Нұрбек Нәдірұлы ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының «Жас ғалымдар» кеңесінің президиум мүшесі. Сол жерде «Медицина – өмір мен денсаулық ғылымы» бағытының жетекшісі ретінде ғылыми жобалармен айналысып келеді. Сонымен қоса, Ғылым және жоғары білім министрлігінің жанынан құрылған «Жас ғалымдар» кеңесінің 2018 жылдан бері мүшесі.
Н.Нәдіровтің ғылыми ізденісі де аталған бағытта өрбіді. Омыртқа қисаюын хирургиялық жолмен емдеудің жаңа технологиясын жасап, Санкт-Петербург қаласында PhD докторлық диссертациясын қорғады. 2013-2018 жылдары Санкт-Петербург қаласына ортопедиялық институтта жұмыс істеді. 2018 жылдан бері елордадағы «Ана мен бала» ғылыми-зерттеу орталығында жұмыс істеп келеді.
«Қазір омыртқаның қисаюы мен оның генетикалық себептерін зерттеу мақсатында генетик мамандармен бірлескен ғылыми жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жаңадан жазылып жатқан мақалаларымыз осы зерттеулердің нәтижесіне негізделіп отыр», деді ол.
Дәрігердің айтуынша Қазақстан мамандары шетелдік мамандармен халықаралық конференциялар мен форумдарда тәжірибе алмасып, күрделі жағдайларды бірлесе талқылап жүр.
«Елімізде омыртқа хирургиясы жақсы дамыған, бүкіл әлемде жасалатын оталардың барлығын жасап отырмыз. Дегенмен, елімізде әлі де болса сколиоз оталарын жасайтын білікті мамандар жеткіліксіз. Сондықтан бұл бағытта жаңа кадрларды дайындау – уақыт талабы. Қазір біз осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз», деді Н.Нәдіров.
Дәрігердің жұмысы – дәлдік пен білімді, жан-тәнімен берілу мен жауапкершілікті талап етеді. Әр күн – жаңа сынақтар, жаңа пациенттер және адамдардың ең қымбат байлығы – өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілік. Ота залында әр секунд, әр қимыл, әр шешім маңызды. Нұрбек Нәдіровтің отасынан кейін балаларда оң нәтижелер байқалып келеді. Дене бітімі түзеліп, бойлары 7-8 сантиметрге дейін өсіп, тыныс алу жақсарады. Жақсы нәтижеге қол жеткізген ата-аналар қуаныштан көзіне жас алып жататыны аз емес.
«Жұмысымды өте жақсы көремін. Еңбек жолында қиындықтардың да кездесуі заңдылық, әрдайым ізденісте болу керек. Ең бастысы мамандықты сүйіп, керек тұстарын түйіп отыру қажет. Науқас жандарға күшіңді ғана емес, жүрегіңді де жұмсай білу керексің. Дәрігерлік мамандықты таңдаған жастар болашақта дәрежелі маман болып, биіктен қөріне берсін деймін. Балалар денсаулығын жақсарту жолында ғұмырымды арнағаныма ризамын», дейді ата-аналардың мол алғысын арқалаған Нұрбек Нәдіров.