Архив • Бүгін, 08:55

Архивті цифрландыру – уақыт талабы

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жақында Астанадағы Президент Архивінің жаңа ғимаратында халықаралық жас архившілердің Жазғы мектебі аясында «Архивтердің цифрлық трансформациялануы және құжаттық мұраны сақтау» атты айтулы іс-шара өтті.

Архивті цифрландыру – уақыт талабы

Архив – ұлттық жадымыздың алтын сандығы. Онда мемле­ке­ті­міз­дің тарихи жолы, қалыптасу кезеңі, келешек ұрпаққа аманат етілген құнды құжаттық мұралар жинақталған. Уақыттың сынынан аман өткізіп, осы асыл қазынаны сақ­тап қалу – архившілердің бас­­ты міндеті. Жыл өткен са­йын құ­­жаттарды сақтау әдістері де же­тілдіріліп отыр. Бүгінде бұл үдерістің басты бағыты – архивтік мұраны цифрландыру. Бұл өз кезегінде Ұлттық құрылтайдың биыл Бурабай баурайында өткен отырысынла Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бастамамен тығыз байланысты. Жиында Мемлекет басшысы Ұлттық цифрлық архив құрып, оны еліміздегі және шетелдердегі нейрожүйе жасаушылардың еркін пайдалануына мүмкіндік бе­ру қажеттігін атап өткен болатын.

Осы бағытқа арналған жиын дәстүрлі оқу алаңы ғана емес, кәсіби пікір алмасу мен ынты­мақ­­тастықтың ашық алаңы ре­тінде жаңаша форматта ұйым­дас­ты­рыл­ды. Биылғы Жазғы мек­теп­тің ерекшелігі – оның мазмұны мен ауқымының кеңеюі. Оған Қазақстан мен Ресейдің жетекші архив ісі мамандары, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық трансформация саласының сарапшылары шақырылды.

Жас архившілерге арналған Жазғы мектеп 2017 жылы бас­талғ­ан. Жобаны Ресей мемле­кет­тік гуманитарлық университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесе жү­зеге асырып келеді. Осы жылдар ішінде Жазғы мектеп аясында 1200-ге жуық жас маман өз білімін шыңдап, біліктілігін арт­тырған. Алғашында форум жұ­мысына ТМД елдерінің жас ар­хившілері қатысса, бүгінде оның географиялық ауқымы ке­ңейіп, іс-шараға Қытай, Моң­ғолия және Біріккен Араб Әмір­лік­терінен де архив сала­сы­ның мамандары қосылды.

Биылғы іс-шараға Қырғыз­стан, Молдова, Өзбекстан, Түрікмен­стан елдерінен келген мамандармен қатар, еліміздегі бар­лық архив мекемелерінің өкіл­дері қатысты. Сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінің «Архивтану және құ­жат­тану» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер де келді.

Жазғы мектептің ашылу салтанатында Президент Әкімшілігі Жалпы бөлімінің меңгерушісі Ербол Адаев сөз сөйлеп, Президент Кеңсесінің бастығы Бақытжан Сариевтің құттықтауын жеткізді. Бақытжан Сариев өз құт­тықтауында архивтерді цифр­ландырудың маңызына баса назар аударып, бұл үрдістің «ашық архив» қағидасын іске асыруға және азаматтық қоғамды дамытуға ықпал ететінін атап өткен.

Сонымен қатар Ресей мемле­кеттік гуманитарлық уни­­вер­си­те­тінің ғылыми және жобалық жұмыс жөніндегі проректоры О.Павленко, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісінің орынбасары Н.Алпысбаева, Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Р.Әли, Өзбекстан Республикасының «Узархив» агенттігінің директоры У.Юсупов, Бүкілресейлік құжаттама және архив ісі ғылы­ми зерттеу институтының директоры П.Кюнг сөз алып, ізгі лебіздерін білдірді.

Форумда Қазақстан мен шетелден келген жетекші ғалымдар мен архившілер дәріс оқыды. Мәселен, Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Ж.Дүбірова мен «Киберқауіпсіздік» саласындағы маман Р.Биғари өз баяндамаларында цифрлық дәуірдегі ұйым­дарды трансфор­ма­ция­лаудың негізгі жолдарын атап, өз тәжіри­бе­лері негізінде жүзеге асырылған «iKomek 109», «Электрондық үкімет», «Цифрлық Қазақстан» жобалары туралы айтып берді.

Бұған қоса ресейлік әріптестер – Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті Тарих және архив институтының басқаруды құжаттамалық қамтамасыз етудің автоматтандырылған жүйелері кафедрасының меңгерушісі М.Ларин және осы кафедраның доценті О.Букреева цифрландыру жағдайында Ресейде құжат айналымын басқарудың нор­ма­тивтік базасын дамыту және архивтерде электрондық архивтермен жұмысты әдістемелік қамтамасыз ету тәжірибесімен бөлісті. Ал әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен аға оқытушысы Б.Нұрпейісова еліміздегі цифрлық технологиялар жағдайындағы электрондық құжат айналымы мен электрон­­дық архивтер туралы баяндады. Отандық IT саласының мамандары – «Astana IT University» «Artificial Intelligence» ғылыми-инновациялық орталығының директоры Б.Әбдікенов пен осы орталықтың аға ғылыми қыз­­мет­кері М.Мұқышев архив ісінде «VLM» (Vision Language Model) және «DLM» (Deep Learning Model) модельдерді қолдану мен оның тиімділігіне тоқталды.

Сонымен бірге бағдарлама барысында Президент Архивінің басшылары мен мамандары архив ісіндегі халықаралық стандарттар және ұлттық нормалар, архивтік үдерістерді цифрлық трансформациялау бойынша дәріс оқып, құжаттарды цифр­лау бойынша тәжірибелік сабақ өткізді. Онда қолданылатын техникалық стандарттар, құжаттардың қандай форматтарда сканерленетіні және олардың электрондық базаға қалай жүктелетіні көрсетілді. Кейіннен зерттеушілердің цифрлық форматқа көшірілген құжаттарға қалай қол жеткізетіні және оны пайдалану ережелері де айтылды. Архивтің жаңа ғи­маратына алынған заманауи құ­­рылғылар таныстырылып, олардың жұмыс істеу ережелері көрсетілді. Мұндай жабдықтарды архивтің жас мамандары мең­­геріп, архивтік құжаттардың ұзақ әрі сапалы сақталуына атсалысып келеді.

Жазғы мектептің бағдарла­­­масы дәстүр бойынша дәрістер, интерактивті сессиялар, тренингтер мен практикалық сабақтарды қамтыды. Қатысушылар архив саласындағы цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, машиналық оқыту әдістерінің өзекті мәселелерін талқылады. Сондай-ақ команданы тиімді басқару бо­йынша тренингке қатысты.

Президент Архиві бірнеше жыл бойы құжаттарды цифрлық нысанға кезең-кезеңімен және жүйелі түрде көшіріп келеді. Биылғы бірінші тоқсанның өзінде Президент Архивінің мамандары 4514 істі, яғни 842 000 архивтік парақты цифрлық нысанға көшірген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26 пайызға жо­ға­­­ры. Жалпы, бүгінгі таңда Архивте цифрланған құжаттар көлемі 25 миллионнан асып отыр. Осы тұста зерттеушілерге оқу залында ұсынылған істердің 90 пайызы электрондық форматта берілетінін атап өту керек. Бұл – архив жұмысының тиімділігі мен ашықтығын көрсетеді.

Бұл көрсеткішті одан әрі ұлғайту мақсатында жаңа ІТ ше­шімдер әзірленіп отыр. Олар­дың қатарында электрондық басқару жүйесі (ЕИПСЭА), виртуалды оқу залы, eGov-порталы және мобильдік қосымшалармен интеграция жұмыстары бар. «E-архив» жүйесін Архивтің жи­нақтау көздері саналатын бар­лық ұйымға енгізу жұмысы жүріп жатыр.

Цифрлық ортаға көшу технология­мен шектелмейтіні түсінікті, ол үшін білікті мамандар даярлау мәселесі де бар. Осы мақсатқа қол жеткізу Жазғы мектеп жұмысына тікелей қатысты. Себебі бүгінде бұл шара архив саласындағы мамандардың біліктілігін арт­­тыру­­­­ға бағытталған маңыз­­­ды бі­лім беру жобаларының біріне айна­­­­­­лып отыр. Архившілердің жаңа буы­ны осы заман талабына сай жаңа технологияларды меңгеріп, құжаттық мұраны сақтауға өз үлестерін қосу үстінде.

Президент Архиві бұл бастама арқылы тек құжаттарды сақтауды ғана емес, оны тиімді басқару мен цифрлық дәуір талабына бейімдеуді көздейтін жаңа буын архившілерін қалыптастыру миссиясын жалғастырып келеді.