Отбасы • Бүгін, 09:20

Отбасындағы тәрбие – басты негіз

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әлеуметтік мәселелердің ішінде жасөспірімдердің ерте жүктілігі, ерте жыныстық қатынас тақырыбы бала тәрбиелеп отырған барлық ата-ананы ойландырады. Бұрын талқыға түсе бермейтін «жыныстық тәрбие», «жыныстық сауат» ұғымы қоғамда жиірек айтыла бастады. Ойнап жүріп от басқан жасөспірімдердің жағдайы жүрек ауыртады.

Отбасындағы тәрбие – басты негіз

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Кейінгі деректерге көз жүгірт­сек, елде жасөспірімдер ара­­сындағы ерте жыныстық дебюттің медианалық мәні 16,5 жасты құрайды. Ерте жыныстық қатынас салдары ерте жүктілікке ғана ұрындырмайды. Жасөспірім жыныстық жолмен берілетін инфекцияға шалдығуы мүмкін. Себебі толық жетілмеген шақтағы жыныстық қатынас кезінде жүкті болу, инфекция жұқтыру ықтималдығы жоғары. Жыныстық қатынас жасөспірімдердің репродуктивті жүйесінің толық дамымаған кезеңінде болса, бұл ағзаның қабілетін төмендетіп, болашақта репродуктивті проб­ле­маларға әкеледі.Мұның бар­лығы шетке ысырып, жылы жауып қоя салатын мәселе емес. Ерте жыныстық қатынастың пси­хологиялық салдары да бала­ға ауыр тиеді. Жасөспірімге эмоционалдық, психологиялық салмақ салады. Өзін-өзі бағалауы төмендеп, депрессияға, күйзеліске түсуі ықтимал. Қиыны, осындай күр­­­делі кезеңде жасөспірімге тиісті көмек көрсетілмесе, салдары баланың болашағына әсер етуі мүмкін.

Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған ақпаратқа жүгінсек, кейінгі бес жылда жасөспірімдер (15 жастан 18 жасқа дейін) арасында жүктілік коэффициенті сол жастағы 1000 қыз балаға шаққанда 7,54-тен 4,25-ке дейін, яғни 43%-ға төмендегені байқалады.

«Жасөспірімдер арасында жүктіліктің азаюын білім беру бағдарламалары мен ақпарат­тандыру, контрацепцияға қол­жетім­ді­лік, әлеуметтік, мәдени өзге­ріс­тер сынды бірнеше фак­тормен түсіндіруге болады. Қазақ дерматология және инфек­циялық аурулар ғылыми орта­лығының ақпаратына сәйкес, кейінгі жеті жылда 14–24 жас ара­лығында анықталған АИТВ инфекциясын жұқтырғандар саны 138 жағ­дайдан 330 жағдайға дейін, яғни 2,4 есеге көбейді. Урогениталды хламидиялық инфекция жұқтырғандар (15–17 жас) саны 9-дан 26 жағдайға дейін, уреамикоплазмалық инфекциялар саны 35-тен 37 жағдайға дейін өскен. 14–18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында АИТВ 19 (2018 ж.) жағдайдан 27 жағдайға (2024 ж.) дейін, яғни 1,4 есеге өсті, – деп жазылған министрліктің редакцияға ұсын­ған ақпаратында.

Психологтер кәмелетке толмай жүкті болу фактілері жыныс­тық сауат­сыздықтан, отбасында тақырып ашық айтылмауынан дейді. Қызға көңіл бөлмегеннің, үйде жылылық сезінбегеннің салдары ауыр тиюі мүмкін. Мұн­дайда бала жылы да жақын сезімдерді сырттан іздей бастайды. Өзін тиісті жағдайда қалай ұстау, қорғауды білмегеннің салдарынан ерте жүкті болып қалуы ықтимал. Бұл өте нәзік те ауқымды тақырып болған соң, жүктіліктің себеп-салдарын бір мәселеге әкеп тіреп қоюға бол­майды. Егер жыныстық сауат туралы әңгіме үйде айтылса, жасөспірім оның жауабын сырттағы әлдебіреуден, әлеуметтік желіден іздемейді. «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы психологиялық көмек көрсету бөлімінің маманы Ләззат Еспаева ерте жыныстық қарым-қатынастың салдары бала­ларға өте ауыр тиетінін айтады.

– Кәмелетке толмағандар жы­ныстық қатынасқа психоло­­гия­лық, фи­зио­логиялық, эмо­цио­налдық жағынан дайын болмайды. Олар әлі толыққанды жетіл­мегендіктен, когнитивті қабі­леттері төмендеу болады. Жігіт­­тің опасыздығын ұмы­тып, өзін қолға алуы қиынға соға­ды. Салдары баланың бола­ша­ғына әсер етеді. Әсіресе қас­көйдің қолына түсіп, зорлық-зомбылық көрген жасөспірімдер депрессияға ұшырап, қорқыныш, үрейде өмір сүруі мүмкін. Өзін кінәлі се­зінуі ықтимал. Құрбы-құрдас­­та­рынан оқшауланып, қорқып, тұйық­талып қалу қаупі жо­ғары. Егер жасөспірім осындай қор­қыныш сезімнен арылмаса, арты жақ­сылыққа апармайды. Ең қиыны, жан күй­зелісі, депрессия, қорқыныш сезім­­де­рі­нен арылу барысында бала зиянды әдет­терге тәуелді болып, тіпті суицидке баруы ықтимал. Қиын кезде баланың туыс­­­тары бауырын алаламай, қорған болуы керек. Сосын, міндетті түрде кәсіби психолог­тер­дің көмегі керек. Онсыз болмайды, – дейді Л.Еспаева.

Ерте жыныстық қатынастың алдын алу мақсатында кешенді іс-шаралар қабылданған. Мысалы, қазір елімізде 103 Жастар ден­сау­лық орталығы жұмыс істейді. Орталықтар 10 жас­тан 18 жасқа дейінгі балалар, ата-аналар мен педагогтер арасында саламатты өмір салтын насихаттау, репродуктивті, психикалық ден­сау­лықты қорғау, оның ішінде ерте жыныстық қатынастың алдын алу, отбасын жоспарлау, контрацептивтерді пайдалану, жоспарсыз жүктіліктің алдын алу мәселелері жөнінде ақпараттық-тү­сіндіру жұмыстарын жүргізеді. Мұнда кез келген жасөспірім, жас­тар гинеколог, уролог, дер­матовенеролог, психолог, әлеу­мет­тік қызметкер, заңгерден ерікті түрде құпия кеңес ала алады. Жастар денсаулық орталығы 10–18 жас аралығындағы кәме­лет­ке толмағандарға, 18–29 жас ара­лығындағы жас­­тар­ға меди­­циналық, емдеу-профи­­лактикалық көмек, психоәлеу­мет­тік, заңгерлік қызмет көрсетеді. Осы мақсатта Денсаулық сақтау министрлігі саламатты өмір сал­­тын қа­лыптастыру жөнін­­де ақпараттық-түсіндіру жұмыс­та­рын да жүргізеді.

«Әлеуметтік желілерде, сырт­қы жарнамада саламатты өмір салты идея­ларын ілгерілету тиім­ді. Біз­дің міндетіміз – жас­өс­пірім­дерге өз денсау­лы­ғына жауап­кер­шілікпен қарауға көмек­тесу. Жасөспірімдер ағза­дағы, әсіресе жыныстық жүйе­дегі көптеген патологиялық өзгерістердің қайтымсыз сипатын түсінуі ке­рек. Бұл олардың болашақ ана немесе әке болуына кедергі кел­тіруі мүмкін», деп жазылған министрліктің хабарламасында.

Қазір бедеулік диагнозымен есепте тұр­ған­дар­дың саны да аз емес. Бұл қа­­тарда әйелдер саны 16 907-ден (2021 ж.) 27 857-ге (2024 ж.) өскен. Мамандар бе­деуліктің көбеюіне бір емес, бірнеше фактор әсер етуі мүмкін екенін айтады. Оның ішінде экологиялық мәселелер, дұрыс тамақтанбау, саламатты өмір салтын ұстанбау, медициналық себептер, тұқым қуалайтын, генетикалық факторлар, жас ерекшеліктері, психологиялық факторлар, профилактика мен білімнің жетіспеушілігі сынды кедергілер әсер етеді. Осындай себеп-салдарды мейлінше ерте анықтау мақсатында Ден­саулық сақтау министрлігі оқушыларды профилактикалық тексеруден өткізеді. Бір сөзбен айтқанда, министрлік тарапынан қолға алынған жоспарлы жұмыс көп. Буыны қатаймаған балаға, ең алдымен, үйдегі ата-анасы үлгі. Отбасындағы тәрбие – басты негіз. Сол себепті жыныстық тәрбиеге қатысты мәселелер үйде айтылса, ерте жыныстық қатынас, оның салдарынан туындайтын ауру­лар, ерте жүктілік азаяды.