Оқиға • Бүгін, 15:31

Қазақстан ХҚДБ-дан 42 млрд теңге қарыз алады

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінен (ХҚДБ) 42 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген қарыз алады. Бұл қаражат Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру жобасына бағытталады. Мәжіліс депутаттары тиісті заң жобасын ратификациялап, Сенаттың қарауына жіберуге қолдау білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан ХҚДБ-дан 42 млрд теңге қарыз алады

Фото: Ерлан Омар

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жоба Мемлекет басшысының 2024 жылғы 21 қарашадағы Жарлығына сәйкес әзірленген және оның басты мақсаты – қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті қысқарту.

«Жобаның мақсаты – ауылдық елді мекендерде телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, үйлерге дейін жергілікті желі тарту, жеке инвестицияларды ынталандыру және шағын операторларды қолдау», деді министр.

Жоба шамамен 2,3 миллион азамат тұратын (500 мыңнан астам үй шаруашылығы) 1123 ауылды қамтиды және 2025 жылдан 2027 жылға дейін 3 жыл ішінде жүзеге асырылады.

Инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 84 млрд теңгені құрайды, мұнда күрделі шығындардың 50%-ға дейінгі бөлігі Жоба шеңберінде субсидияланатын болады:

  • 42 млрд теңге (50%) — жеке байланыс операторларын қаржыландыру;
  • 42 млрд теңге (50%) — Дүниежүзілік банктің несиесі.Бір жолғы комиссия — 0,25%;

Несие шарттары:

  • Біржолғы комиссия – 0,25%;
  • Сыйақы мөлшерлемесі — жылдық шамамен 0,9%;
  • Төлемдер — жылына екі рет: 15 сәуір және 15 қазан;
  • Қарыз алушының өкілі — Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі.

Жаслан Мәдиевтің мәліметінше, конкурсқа кемінде 350 абоненті бар және қаржылық тұрақтылығы дәлелденген ұлттық байланыс операторлары қатыса алады. Бір жобаға берілетін субсидияның ең жоғары мөлшері – 250 млн теңге.

«Бұл жобаны жүзеге асыру ауылдағы шағын және орта бизнестің дамуына, салық түсімдерінің 2 млрд теңгеге артуына, 800-ден астам уақытша және 200-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашуға ықпал етеді», деді министр.

Жоба Қазақстанның технологиялық егемендігін нығайтып, ауылдағы азаматтар үшін заманауи интернет пен «ақылды» құрылғыларды қолжетімді етеді.