Руханият • Бүгін, 09:40

Балалар әдебиеті – басты мәселе

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздегі балалар әдебиеті назар аударуды қажет етеді. Сенатор Руслан Рүстемов өзінің депутаттық сауалында осы мәселеге тоқталды.

Балалар әдебиеті –  басты мәселе

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Сенатордың айтуынша, өскелең ұрпақтың санасын оятып, рухани жетілдіруде маңызы зор болса да мектептерде қазақ тіліндегі заманауи балалар әде­биетінің ауқымы өте шағын берілген. Мектеп кітапханалары қорының тек 11,8%-ы ғана қазақ тіліндегі кітапты құрайды, ал мемлекеттік тапсырыс бойынша балалар кітаптарының жыл сайынғы жалпы шығарылымы небәрі 30-40 атаудан тұрады.

«2022 жылғы PISA зерттеуі бойынша оқу сауаттылығы 386 балды құрады. Қазақстанда балалардың тек 3/1-іне жуығы ғана кітапты өз еркімен оқиды. Ал ауылдық жердегі бала­лардың басым көпшілігі көркем әдебиетті тек мектеп тапсырмасын орындау үшін оқитыны анықталды. Халықаралық ұйым бұл нәтижелерге сүйене отырып, қазақ балаларының көркем әдебиетке қызығушылығы төмен және оқу мәдениетінің жеткіліксіз деңгейде екенін көрсетті. Балалар жазушылары мен баспагерлердің айтуынша, кітаптардың орташа таралымы 1000-2000 дана аралығында ғана, бұл бүкіл республикадағы балаларды қамтуға жеткіліксіз. Балаларға арналған анимациялық әде­биет, инклюзивті бағыттағы және көптілді контент секілді заманауи бағыттар назардан тыс қалып отыр», деді Руслан Рүстемов.

Сенатор сонымен қатар балалар әдебиеті – тек қызық­ты оқиғалар тізбегі ғана емес, баланың дүниетанымын қалып­тастырып, моральдық құн­дылықты ұғындыруға көмек­тесетін рухани тәрбие құралы екенін атап өтті. Оңтүстік Корея, Финляндия, Гер­мания сияқты елдердегідей бұл ба­ғытта кітапхана жүйесін дамыту, авторлар мен баспа­герлерді ынталандыру, цифр­лық платформалар құру, білім беру бағдарламалары мен мем­лекеттік марапат белгілеу ма­ңызды болып отыр.

Депутат Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігіне балалар әдебиетін қолдаудың ұлттық стратегиясын әзірлеу мақ­сатында күш-жігерді біріктіруге шақырды. Ол балалар әде­биетін цифрлық форматта дамыту мақсатында ұлттық онлайн-платформа жасау және ауылдық аймақтарда жылжымалы кітапханалар жүйесін кеңейту арқылы барлық балаға тең қолжетімділікті қамта­масыз ету маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ балалар әдебиеті саласында еңбек ететін жас қаламгерлер мен баспагерлерге арнайы стипендия­лар тағайындап, салықтық жеңіл­діктер беру және шығар­машылық резиденциялар жүйесін енгізу арқылы қолдау көрсету керектігі айтылды.