
– Ислам мырза, осындай халықаралық деңгейдегі экспедиция ұйымдастыру идеясы қалай пайда болды?
– Бәрі қарапайым ойдан басталды. Достарымызбен көне керуен жолымен жүріп өтсек деген тілек туды. Алғашында 3-4 көлікпен шағын демалыс сапарын жоспарладық. Кейін бұл идеяны көпшілікпен бөліскен соң, бастама жаңа леп алып, ортада түрлі ұсыныс айтылды. Бірі Түркістан, Тараз, Самарқанд, Ош секілді тарихи қалаларда өтетін маңызды іс-шараларды, енді бірі бұл сол елдердегі таныстарымен жолығуға таптырмас мүмкіндік екенін айтып қалды. Көп ұзамай көршілес елдер де қызығушылық танытып, экспедицияны ресми түрде қолдады. Нәтижесінде, Ресейдің Сауда-өнеркәсіп палатасы жанындағы Ресей – Тәжікстан іскерлік кеңесінің бастамасымен жай ғана саяхат ауқымды халықаралық жобаға айналды.
– Жобаның мақсат-міндеті қандай?
– Экспедиция – бұл жаңашылдыққа жол ашатын, іскерлік байланыстар орнататын, бірлескен жобалар жүзеге асатын маңызды алаң. Сондықтан сапардың мақсат-міндетін іскерлік, ғылыми, мәдени-гуманитарлық және медиа саласына негіздедік. Саяхат барысында жергілікті тұрғындармен ашық сөйлесіп, олардың пікірін тыңдаймыз, тәжірибе алмасып, аталған бағыттар бойынша нақты ұсыныстарды ортаға саламыз. Жобаның басты ерекшелігі де сол, жол бойындағы кездесулер арқылы өңірдің тіршілігімен тыныстаймыз, халықтың жүрекжарды сөзін естиміз.
Жинақталған дерек пен дәйек сараланып, экспедицияның соңғы нүктесі Душанбеде 22 шілдеде өтетін Орталық Азияның халықаралық экономикалық форумында талқыланып, қорытындыланады. Іс-шара «Росконгресс» қорының қолдауымен ұйымдастырылып, бас-аяғы 500-ден аса қатысушы болады. Олардың арасында әртүрлі елдердің бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар, университеттер мен ғылыми қауымдастықтардың мүшелері, сондай-ақ мәдениет қайраткерлері бар.
Негізі «Еуразия жүрегіне саяхат» экспедициясы – Орталық Азияда іскерлік, гуманитарлық және ғылыми байланыстарды нығайтуға бағытталған бірегей жоба. Бастама мәдени мұра мен заманауи технологияларды тоғыстыра отырып, нарықты кеңейтуге әрі халықаралық әріптестікті одан әрі ілгерілетіп, өңірдің экономикалық өсіміне түрткі болады. Сондай-ақ платформа бизнес, ғылыми орта және жастар қауымдастықтары арасындағы өзара іс-қимылға жол ашады деген сенімдеміз.
– Қазақстанның қай қаласына баруды жоспарлап отырсыздар?
– Экспедиция бес мемлекеттің 30 қаласы арқылы өтеді. Шамамен 8 мың шақырымды 51 күнде еңсереміз деп жоспарлап отырмыз. Олардың әрқайсысында бизнес-форум, ғылыми сессия, мәдени және медиа кездесулер секілді ондаған іс-шара ұйымдастырылады.
Қазір достық керуені шамамен 2 мың шақырым жолды артқа тастап, сапардың алғашқы ширегін еңсеріп, Қазақстанның Ақтөбе қаласына таяп қалды. Жалпы, елдің 8 қаласында боламыз. Маршрутта Астана, Алматы, Шымкент секілді ірі мегаполистер бар.
Жол бойындағы бірқатар ірі қалада бизнес кездесулер, экспорттық тауарлардың тұсаукесерлері болады, жасыл экономика, логистика туралы пікірталастар өтеді. Сондықтан экспедиция – белсенді, креативті, талантты бизнесмендер үшін де таптырмас мүмкіндік. Өйткені қазақстандық компаниялар өздерін аймақтың басқа елдерінің серіктестеріне де көрсетуге мүмкіндік алады.
– Сіз үшін сапардың мән-маңызы неде?
– Бұл халықаралық экспедиция – Орталық Азияны тек географиялық аймақ ретінде емес, жаңа мүмкіндіктер мен технологиялар, идеялар тоғысқан кеңістік ретінде қарау мүмкіндігі. Орталық Азия – тұтас құрлықтың жүрегі. Ал Ресей мен Қазақстан – осы кеңістіктің ажырамас, маңызды бөлігі. Сапар – өткенімізге құрметпен қарай отырып, тату көршілікке негізделген болашақты бірге құруға жол ашатын көпір.
Біз цифрлық дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Бұл заманда қашықтық шартты ұғымға айналды, ал адамдар арасындағы сенім ең тапшы әрі ең құнды ресурс саналады. Осы саяхат арқылы түрлі елдегі адамдармен жүздесіп, сөйлесіп, ортақ даму жолындағы жаңа бағыт-бағдарды айқындаймыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»