
Суретті түсірген – Жеңіс ЫСҚАБАЙ
Айтулы іс-шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов құттықтау сөз сөйлеп, өңірде азаматтық бастамаларды қолдауға бағытталған жұмыстарды атап өтті. Форум модераторы, облыстық Азаматтық альянсының төрағасы Дания Қыдырбаева қатысушыларға форум бағдарламасын таныстырып, өңірлік делегаттарға кезекпен сөз беріп отырды.
Форум аясында үш негізгі тақырыптық сессия ұйымдастырылды. «Азаматтық қоғамды дамыту және цифрлық инновациялар» деп аталған бірінші сессияда ҮЕҰ қызметін цифрландыру, ChatGPT және басқа да технологиялардың әлеуметтік салада қолданылуы, сондай-ақ азаматтық қатысудың жаңа формалары – петициялар мен халықтық бюджет сияқты құралдар талқыланды. «Мемлекет, бизнес және ҮЕҰ арасындағы тиімді әріптестік» тақырыбындағы екінші сессияда қатысушылар әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуы, мемлекет-жекешелік әріптестігінің табысты үлгілері және ҮЕҰ мен БАҚ арасындағы өзара іс-қимылдың қоғамдық маңызы туралы өз ойларын ортаға салды. Форумның үшінші сессиясы – «Азаматтық белсенділік және жастарды тарту». Спикерлер қатарында Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова, облыстық мәслихат депутаты Еркебұлан Ақболатов және «Жетісу жастары» ресурстық орталығының директоры Шамиль Ванкеев болды. Сессияда жастар қозғалыстары мен бастамалары, волонтерліктің дамуы, сондай-ақ жастардың белсенділігін арттыруда әлеуметтік желілердің ықпалы кеңінен талқыланды.
Одан кейін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиевамен және басқа да спикерлермен кездесті. Ресми қонақтарды қарсы алған облыс басшысы өңірдегі азаматтық институтпен бірлесіп жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әділеттілік, ашықтық және қоғаммен кері байланысты өзінің саяси бағытының негізгі өзегі ретінде белгіледі. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – күнделікті жұмысымыздағы негізгі ұстаным. Ал «Адал еңбек – Адал азамат – Адал табыс» – қоғам құндылығын қалыптастыратын басты бағдар. Бұл жолда азаматтық қоғам институттарының, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдар, кәсіби сарапшылар мен қоғамдық бірлестіктердің рөлі зор. Біз сіздермен бірге қоғамда саяси, тұрмыстық және экологиялық мәдениетті қалыптастыру, руханиятты дамыту бойынша жұмыс жүргізіп келеміз және тұтастай алғанда, ең алдымен, халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған әлеуметтік маңызы бар міндеттерді бірлесіп шешеміз», деді Б.Исабаев.
Белгілі болғандай, өңірде 578 үкіметтік емес ұйым, 22 этномәдени бірлестік, саяси партиялардың 7 өңірлік филиалы, 14 салалық кәсіподақ бірлестігі, 43 бұқаралық ақпарат құралы бар. Құрамында 176 мүшесі бар 11 қоғамдық кеңес жұмыс істейді, оның 80%-ы- – азаматтық қоғам өкілдері. Сондай-ақ 55 консультативтік-кеңесші органның құрамына азаматтық сектордың 149 өкілі кіреді.
Өз кезегінде Бану Нұрғазиева жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық сектор арасындағы өзара іс-қимыл бағыттарын кеңейту жұмыстары 2023 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқанын айтты. Аталған іс-шара әр өңірде, ал қорытынды форум елордада өтеді. Өңірдегі алғашқы қадам Жетісу облысынан бастау алып отыр.
Кездесуде сенатор Бибігүл Жексенбай өңірде азаматтық секторды қолдаудың оң тәжірибесін қалыптасқанын жеткізді.
Өз кезегінде облыс әкімі барлық ұсынылған жобаға қатысты шешімдер бірлесіп қабылданатынын, ең бастысы, ұсыныстардың қоғамға тиімді әрі пайдалы болғаны маңызды екенін айтты. Мәселен, өңірде азаматтық сектормен бірлесіп көшпелі оңалту қызметін көрсету, «Инватакси» қызметінің жұмысы және тағы басқа жобалар іске асырылып жатыр. Үкіметтік емес ұйымдарды қолдау өңірде оқушыларды жан-жақты дамыту мен әлеуметтендіру бағытында облыс басшылығының бастамасымен қолға алынған «Әдеп-құқықтық тәрбие жөніндегі ментор» жобасының іске асырылуынан да айқын көрініп келеді.
Жүздесуде Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Бекетқызы жастармен жұмыс істеу және еріктілер қозғалысын дамыту бағыттарына тоқталды. Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Марат Башимов пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева азаматтық қоғамның дамуына қатысты пікір бөлісті.
Жетісу облысы