Медицина • Кеше

Шымкенттің үздік трансплантолог-дәрігері

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шымкент республиканың медициналық туризм орталығы саналады. Қалада трансплантология саласы қатты дамыған. Бауыр-бүйрек алмастыру операциясы өте көп жасалады. Соның арқасында қаншама науқас өмірін сақтап қалып жатыр. Осы еңбектің артында білікті тәжірибелі дәрігерлер, орта медициналық мамандар тұр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкенттің үздік трансплантолог-дәрігері

Сондай жанның бірі Сәбитхан Байтеміров. Ол үздік хирург-трансплантолог. Шымкент қалалық №1 аурухананың №3 хирургия бөлімшесінің меңгерушісі. Медицина саласында еңбек етіп келе жатқанына 30 жылға жуықтады. Осы аралықта ол көптеген бауыр-бүйрек алмастыру оталарын жасады. Атап айтқанда 30 жылдық еңбек өтілі барысында 7 мыңнан астам операция жасапты. 232 бүйрек, 32 бауыр трансплантациясы оталарына қатысқан. Ол сондай-ақ бауыр, өт жолдары, ұйқы безі нашарлаған науқастарды хирургиялық жолмен емдейді.

Сәбитхан Тұрғанұлының қысқаша өмір жолына тоқталсақ дәрігер 1996 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітірген. Қалалық №1 клиникалық ауруханасында хирург мамандығы бойынша 1998 жылы қызметке араласты. 2015 жылдан бері осы ауруханада гепатопанкреатобилиарлық хирургия және трансплантология бөлімшесінің меңгерушісі болып қызмет атқарады.

С.Байтеміров жайында әріптестерінің айтар жылы лебізі жетерлік. Ширек ғасырдан бері бірге араласатын досы әрі әріптесі медицина ғылымдарының кандидаты, профессор, №1 клиникалық аурухана жанындағы хирургия кафедрасының меңгерушісі Ұлжан Муканова Сәбитхан Тұрғанұлы өз ісінің хас шебері, білікті хирург, өмірде адал дос, кішіпейіл жан екенін айтады. Қанша уақыт бірге жұмыс істейтін ол әріптесінің кіші және орта медициналық қызмектерлерге қатты дауыс көтергенін көрмепті. Қашан көрсең сол биязы қарапайым қалпында жүреді.

«Сәбитханмен 25 жыл бұрын №1 ауруханаға жұмысқа бірге келдік. Резидентураны да бірге оқып бітірдік- деді Ұ.Муканова – Бірақ мен ғылымға қарай бет бұрып кеттім де ол хирург практик болып өз жұмысында қалды. Үш жылдай Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында жұмыс істеп, қалған 27 жылдай уақытының бәрінде қалалық №1 ауруханасында табан аудармай еңбек етіп келеді. Сәбитхан өте сыпайы жігіт. Менің досым әрі жасымыз шамалас әріптесім болғаны үшін мен оны Сәбитхан деп өз атымен атап сөйлеймін. 2013 жылы Оңтүстік Кореядан келген білікті профессор бізге трансплантология отасы бойынша тәжірибелік сабақ өткізді. Сол шәкірттердің ішінде ең алғыры, білімдісі Сәбитхан болды. №1 арухананың бұрынғы бас дәрігері Мәди Бегалиев 2018 жылы трансплантология бөлімшесін ашады. Оған ең білікті хирургтардан арнайы бригада құрады. Солардың арасында тізімнің ең басына бірінші Сәбитханды қосты. Сөйтіп тек тәжірибесі емес, жұмсақ мінезіне бола бөлімшенің меңгерушілігіне Сәбитхан лайық деп танылды. Хирургиялық операциялардың ішіндегі ең күрделісі ауыры ол орган алмастыру. Мұндай жағдайда науқас өмір мен өлімнің ортасында арпалысып жатады. Сондай қиын шақта науқасқа екінші өмір сыйлау әлбетте ол бірінші Алланың ісі болса екінші осы Сәбитхандай «алтын қолды» дәрігерлердің арқасы. Трансплантологиядан бөлек бөлімшеге күн сайын түрлі аурумен науқастар түсіп жатады. Оларға шұғыл операция жасау керек болады. Сол сәтте маман біліктілігі мен тәжірибесінің арқасында науқастарға жылдам әрі сапалы ота жасап өмірлерін аман алып қалады. Механикалық сарыаурудың салдарынан қандағы билирубині 800-900-ге көтеріліп кеткен, бауыр церрозы асқынған немесе панкронекрозға ұшыраған науқастар ауыр жағдайда бөлімшеге түскен кезде ең бірінші хирург дәрігерлер Сәбитханның тәжірибесіне арқа сүйейді. Осының өзі оның қаншалықты білікті дәрігер екенін аңғартады.

С.Байтеміровтің қызметтес әріптесі Ерлан Дәуренбекұлы да бұл кісі жайында жақсы пікірлер айтты. Оның қарапайым мінезін, адамгершілігін, адалдығын жоғары бағалайтынын жеткізді. Ал білімі мен тәжірибесі өз алдына бөлек әңгіме. Өзінен кіші әріптестер Сәбитхан Тұрғанұлын аға ретінде де ерекше құрметтеп сыйлайтынын сөз етті.

«Күрделі ота жасар алдында міндетті түрде Сәбитхан ағамен ақылдасамыз. Ол кісі бізге әрдайым жол көрсетеді. Ақыл-кеңес береді. Сөзінен жанашырлығы білініп тұрады. Мінезі жұмсақ болса да жұмысқа келгенде талапшыл. Аурухана тәртібін сақтауды талап етеді. Сәбитхан аға өте қолы жеңіл дәрігер хирург. Соның арқасында науқастар тез айығып төсектен тұрып кетеді. Сондықтан болар пациенттер оны өте қатты жақсы көреді. Жалпы әріптес ағамыз білікті де тәжірибелі маман ретінде Шымкент қала берді оңтүстік өңіріне кеңінен танымал жан десек артық айтқандық болмас» деді әріптесі жайлы әдемі ой толғаған Ерлан Дәуренбекұлы.

Жоғарыда атап өткеніміздей Шымкент еліміздің медициналық туризм кластері дамыған өте мықты аймақ. Мәселен өткен жылы мегаполиске жүзден аса адам ем іздеп келген. Олар Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Ресей азаматтары. Тіпті араларында сонау Швейцариядан келген жандар да бар. Науқастардың барлығы қажетті ем-дом алып, күрделі операциялар жасатқан. Кеселге шалдыққан шетел азаматтарына медициналық көмек көрсеткен білікті дәрігерлер ішінде Сәбитхан Байтеміровтей ақ халатты абзал жандар болғаны шүбәсіз.  

Еңбек адамды өсіреді. Қоғамда ең құрметке лайық жандар өз ісіне адал, кәсібінің нағыз шыңына жеткендер мамандар. Тіпті қарапайым мамандық иелерінің өзі егер кәсібінің нағыз шебері болса әрдайым абырой биігінде жүреді. Өз қызметін адал атқаратын мұндай жандарды адамдар ерекше жақсы көреді және қашан да қызметіне деген сұранысы төмендемейді. Сондықтан адал еңбекке, кәсіби тұрғыдан білікті болуға ұмтылайық. Мақала кейіпкерінің өмір жолы бізге осыны ұқтырғандай!

ШЫМКЕНТ