Аймақтар • Бүгін, 17:19

Алматыда кәріз жүйелерін тартатын мердігерге қатаң талап қойылды

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында Алмалы ауданындағы Түркебаев көшесінде Кіші Абай көшесінен Қарасай батыр көшесіне дейінгі аралықта жүргізіліп жатқан кәріз желілерінің құрылысы барысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда кәріз жүйелерін тартатын мердігерге қатаң талап қойылды

Жобаға аудан әкімдігі тапсырыс берген. 15 шақырым инженерлік желілер тартылып, шамамен 1 700 абонент, яғни 6 800-ден аса тұрғын кәріз жүйесіне қосылады. 2024 жылы бұл жұмыс ішінара аяқталып, алты көшеде 5 шақырымға жуық желі тартылды. 2025 жылы ұзындығы 10 шақырым болатын 15 көшеде құрылыс жоспарланған. Қазір сол көшелердің 10-ында жұмыс басталып кетті.

Қала басшысы мердігер ұйымға барлық жұмысты 1 қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды.

«Сіздерден сапа мен мерзімді талап етеміз. Кепілдік мерзімі – 5 жыл. Егер қандай да бір апат болса, сіздер қалпына келтіресіздер»,  деді Дархан Сатыбалды.

Жобаның негізгі мақсаты тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту және ауданның инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту.

Сонымен қатар жұмыс сапары аясында Алматы әкімі күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан №3 қалалық емхана ғимаратына барды. Бүгінде ішкі инженерлік жүйелер, линеарлы панельдерден қапталған қасбетті орнату, бөлмеаралық қабырға жасау, ішкі әрлеу, кафель төсеу, есік-терезе орнату мен ауланы көркейту жұмыстары аяқталды. Қазір нысан 95% дайын.