
Тілсіз жау толықтай оқшауланды, бірақ торф қабаттары мен қамыстардың түтіні сөндіріліп жатыр.
Апат орнында ашық от ошақтары тіркелмегенімен, торф пен қамыс қабаттарының түтіні толық сөнген жоқ. Құтқарушылар тәулік бойы жұмыс істеуде. Қайта тұтанудың алдын алу үшін өртенген аумақтар су құйылып, топырақпен жабылып жатыр.
Құтқару жұмыстарына 150-ге жуық адам, 40 техника және 2 тікұшақ тартылған. Жиын барысында Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Жанабаев пен облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың баяндамалары тыңдалды.
Облыс әкімі өрт ошақтары толық жойылғанша жұмысты бәсеңдетпеуді, жағдайды үнемі бақылауда ұстауды және барлық қызметтердің үйлесімді жұмыс істеуін тапсырды.
Жасырын ошақтарды анықтау үшін жылу түсірілім жасайтын дрон қолданылуда
Түтін мен от ошақтарын дәл анықтау мақсатында жылу түсіретін тепловизорлы дрон пайдаланылып жатыр. Бұл құрылғы жер астындағы тлеу ошақтарын анықтауға, негізгі қауіп аймақтарын белгілеуге және күшті дәл бағыттауға мүмкіндік береді.
Өрттің шығу себептері тексеріліп жатыр
Жиында Серік Шәпкенов өрттің шығу себептеріне қатысты түрлі болжамдарға тоқталып, арнайы органдардың барлық нұсқаларды тексеріп жатқанын мәлімдеді.
– Әлеуметтік желілерде түрлі пікірлер айтылуда. Менің тапсырмаммен бұл жағдай жан-жақты зерттеліп жатыр. Егер өрт адамның әрекетінен, әсіресе әдейі шыққаны анықталса, кінәлілер заң аясында жауапқа тартылады, – деді әкім.
Тексеру барысы туралы халық пен БАҚ өкілдеріне қосымша ақпарат берілетіні айтылды.
Жүйелі шешімдер қабылданады
Әкім өрттің ұзаққа созылғанын айтып, бұл жағдайдың қоршаған ортадағы жүйелі проблемаларды ашып көрсеткенін жеткізді.
– Каспийдің таяздануы мен қамыстың шектен тыс өсуі – болашақта өңір үшін үлкен қауіп. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар және Экология министрліктерімен бірлесіп, мұндай оқиғалардың алдын алуға бағытталған кешенді жоспар қабылдаймыз, – деді Серік Шәпкенов.
Алғыс пен қолдау
Атырау облысының әкімі өртпен күреске атсалысып жатқан қызметкерлерге алғыс білдіріп, олардың жанкешті еңбегін ерекше атап өтті.
– Құрметті жерлестер, қиын сәтте сабырлылық танытып, түсіністікпен қарағандарыңыз үшін сіздерге алғыс айтамын. Ал тілсіз жаумен күресіп жатқан мамандардың қажырлы еңбегі – шынайы кәсіби ерлік, – деді облыс әкімі.