
Фото: Exyuaviation.com
SCAT әуе компаниясының ресми хабарламасына сәйкес, рейстердің кешігуі мен тоқтатылуына форс-мажорлық жағдайлар себеп болған.
«Бірқатар қалаларда құстармен соқтығысу салдарынан әуе компаниясының ұшақтары зақымданды», делінген хабарламада.
Соған қарамастан, компания рейстер кестесін қысқа мерзімде тұрақтандыру үшін бар күшін салып жатыр.
Қосымша ұшақтар жедел түрде жіберілді, жоспардан тыс техникалық қызмет көрсетіліп жатыр. Осыған байланысты кейбір рейстердің кестесіне уақытша өзгерістер енгізіледі.
Анталья – Астана және Ақтөбе – Анталья бағыттарында өзгерістер болды.
«Антальяға қосымша ұшақ келгенше, жолаушыларға қонақ үйлерде тұру мерзімі ұзартылды. Барлық қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілген. Рейс 2025 жылғы 23 маусымға жоспарланған», деді әуе компаниясы.
Ақтөбеде рейсті күтіп отырған жолаушыларға ыстық тамақ пен сусындар ұсынылды. Компания өкілдері мен туроператорлар жолаушылармен үнемі байланыста, кесте қажеттілікке қарай реттеліп жатыр.
2025 жылғы 23 маусымда ұшақтарды қайта бөлумен байланысты келесі бағыттар бойынша рейстер кешігуі мүмкін:
-
Алматы – Шарм-эш-Шейх
-
Алматы – Анталья
-
Анталья – Алматы
Сондай-ақ, халықаралық жағдай мен жеке әуе кеңістігіне уақытша шектеулер енгізілуіне байланысты 2025 жылғы 23 маусымға жоспарланған Астана – Доха рейсі тоқтатылды.
Ал Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуына байланысты Air Astana компаниясы да келесі рейстерді 2025 жылғы 23 маусымда тоқтатты:
-
KC191/192 – Атырау – Дубай – Атырау
-
KC205/206 – Астана – Дубай – Астана
-
KC897/898 – Алматы – Дубай – Алматы
-
KC655/656 – Астана – Доха – Астана