Президент • Бүгін, 16:24

Үздік курсанттарға «аға лейтенант» атағы беріледі

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында сөз сөйлеп, құқық қорғау жүйесін жаңғыртудың төртінші басымдығы ретінде сервистік модельді енгізу және кадрлық әлеуетті күшейту қажеттігін атап өтті, деп жазады Egemen.kz.

Үздік курсанттарға «аға лейтенант» атағы беріледі

Фото: Ақорда

Президент бұл реформаның өзегі – халықпен тиімді байланыс орнату екенін айтты.

«Төртінші. Құқық қорғау органдарының жұмысына сервистік модель қағидаттарын кеңінен енгізіп, кадрлық әлеуетін күшейту қажет. Полиция мен басқа да құрылымдар билік және қоғам арасын байланыстыратын алтын көпір болуға тиіс. Ол үшін «Мемлекет пен азамат – біртұтас» деген іргелі қағидатымызға толық сай келетін халықпен қарым-қатынастың жаңа мәдениетін қалыптастыру керек. Бұл бағытта ілгерілеу бар. Бірақ қабылданған шаралар әлі тиімділігін көрсетпеді, өйткені бірізділік жоқ. Халықпен тікелей жұмыс істеуге кедергі келтіретін басы артық бюрократиядан арылу керек. Реформалардың шынайылығына, әділдікке және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне азаматтардың сенімі көбіне құқық қорғау органдарының кәсіби деңгейіне байланысты», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент учаскелік инспекторлардың рөлін күшейтудің маңызын ерекше атап өтті. Әсіресе, ауылдық жерлерде олардың атқаратын қызметі – тек құқық қорғау емес, азаматтарға қолдау көрсету, кеңес беру және әділет орнату екеніне назар аударды.

«Учаскелік инспекторлардың әлеуетін одан әрі нығайту қажет. Себебі олар іс жүзінде мемлекет мен қоғам арасындағы басты дәнекер саналады. Әсіресе, бұл ауылдық жерде анық байқалады. Өйткені жергілікті тұрғындар үшін учаскелік инспектор – қорғаушы, құқықтық кеңесші, тіпті, әділдік сұрап жүгінетін соңғы инстанция. Менің ойымша, ауылдағы учаскелік инспекторларға шен берген кезде жеңілдік жасап, яғни бір жылдық еңбек өтілін 1,5 жыл деп есептеу қажет. Ауылдағы учаскелік инспекторларды баспанамен қамтып, материалдық-техникалық базасын нығайту керек. Өңір әкімдері осы мәселеге мұқият назар аударғаны дұрыс. Учаскелік полицияны жаңғыртумен қатар патрульдік бекеттер қызметінің жұмысын қайта қарау қажет. Патруль қызметкерлері азаматтармен жұмыс барысында әдеп сақтап, кәсібилік танытқаны жөн. Өз кезегінде азаматтар да полицияның заңды талабына бағынуға міндетті. Әйтпесе көшеде тәртіп болмайды», деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы реформалар тек өзгеріс үшін емес, қоғамның құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру үшін жүргізілуі тиіс екенін мәлімдеді. Әрбір құқық қорғау қызметкерінің әділеттілігі мен адалдығы – тұтас жүйенің беделін қалыптастырады.

«Жалпы азаматтардың қауіпсіздігі мен заң талаптарын мүлтіксіз сақтау үшін құқық қорғау жүйесін одан әрі реформалау керек. Бірақ реформалар реформа үшін ғана жасалмайды. Басты мақсат – қоғамның құқық қорғау жүйесіне сенімін арттыру. Кейбір қызметкерлердің әділетсіз немесе немқұрайды әрекеті күштік құрылым өкілдерінің атына кір келтіреді. Азаматтар мен бизнестен заңды талап еткенде, өздеріңіз лайықты үлгі көрсетулеріңіз қажет. Сонда ғана полиция қызметкерлері мен азаматтар арасында сенімді әріптестік орнайды. Құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру қаншалықты табысты болатыны сіздерге байланысты», деді Президент.

Құқық қорғау органдарының қызметін лайықты бағалау мақсатында биылдан бастап еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілді. Бұл, әсіресе, аудандық деңгейдегі қызметкерлер үшін үлкен қолдау болды. Мәселен, үш жыл тәжірибесі бар полиция жедел уәкілінің жалақысы 60 пайызға өскен.

Сонымен қатар, ведомстволық академия түлектеріне қолдау көрсету тетіктері де қайта қаралмақ.

«Бұл ретте мемлекет қоғам қауіпсіздігі мен елдегі заң үстемдігін қамтамасыз ететін жандарды жан-жақты қолдауға әрқашан айрықша мән береді. Менің тапсырмаммен биылдан бастап күштік құрылымдар еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшті. Бұл тәсіл, ең алдымен, аудан деңгейіндегі қызметкерлердің жалақысын көтеруге мүмкіндік берді. Мәселен, үш жылдық тәжірибесі бар полиция жедел уәкілінің еңбекақысы 60 пайызға өсті. Біз тәртіп сақшыларын құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғау үшін кешенді шаралар қабылдаймыз. Ведомстволық жоғары оқу орындары курсанттарына жағдай жасап, ынталандыру маңызды. Олар – біздің күштік құрылымдардың болашағы. Оқуда үздік нәтиже көрсеткен және үлгілі тәртібімен ерекшеленген академия түлектеріне бірден «аға лейтенант» шенін беру қажет деп санаймын. Сондай-ақ оларға бос жұмыс орындарынан өзі қалаған қызмет түрін таңдауына мүмкіндік берілуі керек. Үкімет заңға енгізілетін өзгерістерді әзірлесін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.