Футбол • Кеше

Талғарда FIFA стандартына сай футбол академиясының құрылысы басталды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2025 жылғы 23 маусымда Алматы облысы Талғар қаласында халықаралық талаптарға сай «KFF Academy by Almaty International Airport» футбол академиясының іргетасын қалау рәсімі өтті. Жоба Қазақстан футбол федерациясының бастамасымен және Алматы халықаралық әуежайының қаржылық қолдауымен жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Талғарда FIFA стандартына сай футбол академиясының құрылысы басталды

Салтанатты шараға жоба серіктестері мен спорт саласының өкілдері қатысты. Алғашқы сөзді TAV Airports Holding компаниясының бас директоры Серкан Каптан сөйледі. Оның айтуынша, бұл жоба тек әлеуметтік жауапкершілік емес, сонымен қатар компанияның тұрақты даму стратегиясымен тығыз байланысты.

«TAV Airports Holding үшін тұрақты даму құндылықтары жауапкершілікке, қоғаммен тығыз байланыс орнатуға және бизнестен бөлек мақсаттарға ұмтылуға негізделген. Біз үшін корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік — жай ғана нәрсе емес, ол қызметіміздің негізі. Жастардың дамуына және қоғамның игілігіне бағытталған бастамаларды қолдау — біздің стратегиямыз бен іс-әрекетімізді айқындайтын құндылық», деді Серкан Каптан.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров академия жобасының елдегі балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Бүгін іргетасы қаланған футбол академиясы — Қазақстан футбол федерациясының ауқымды және стратегиялық маңызы зор алғашқы жобасы. Ол еліміздегі жас футболшыларды даярлау жүйесін өзгертіп, жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді», деді ҚФФ президенті Марат Омаров.

Іргетасын қалау рәсімі кезінде құрметті қонақтар футбол добына қолтаңбаларын қойып, оны жас спортшыларға табыстады. 

Жалпы аумағы 5 520 шаршы метрді құрайтын кешен үш негізгі блоктан тұрады: 

  • Спорттық блок: жабық футбол залы, қалпына келу бассейндері, жалпы дене дайындығы залдары, киім ауыстыратын және қызметтік бөлмелер;
  • Әкімшілік-тұрмыстық блок: жаттықтырушылар бөлмелері, медициналық-оңалту орталықтары, конференц-зал мен асхана;
  • Жатақхана: төрт қабатты ғимарат, оқушылар мен қызметкерлерге арналған бөлмелер мен дайындық аймақтары бар.

«KFF Academy by Almaty International Airport» — балалар мен жасөспірімдер футболын дамытудағы жүйелі және инфрақұрылымдық қадам. Жоба алдағы уақытта ұлттық футбол қауымдастығы үшін заманауи үлгіге айналуы мүмкін.