Егемен Қазақстан • Бүгін, 08:05

«Егемендіктер» – үздіктер қатарында

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада журналистер арасында бірнеше спорт түрінен қалалық спартакиада өтті. Бұқа­ралық ақпарат құралдары қызмет­кер­лерінің күні қарсаңында ұйым­дас­тырылған сайыста қалам ұстаған әріптестер алаңда да әлеуетін сынап көрді.

«Егемендіктер» – үздіктер қатарында

Астана қаласы дене шы­нықтыру және спорт бас­қармасының ұйым­дас­ты­руымен алғаш рет түңлігі түрілген сайысқа 100-ден аса әуесқой спортшы-журналистер қатысты. «Alpha Gym» спорт кешеніндегі бәсекеде қаламгерлер ләңгі тебу, бес асық, асық ату, волейбол бойынша сайысты.

Ләңгі тебуде «Хабар» агенттігінің өкілі Мақсат Серікжанов 83 ұпаймен жеңіске жетті. Күміс жүлде 79 ұпай жинаған «Qazaq radiosy» журналисі Мұқтар Тұртайұлына бұйырса, «Хабар» агенттігінінің тағы бір қызметкері Мұхаммеджан Теміров (69 ұпай) қола жүлдегер атанды.

Бес асықта «РТРК Қазақстан» редакторы Нұрғайша Әбдуахит топ жарса, күміс жүлде Таңшолпан Рыскелдинаға (Спорттық медициналық орталығы), қола медаль Айнұр Умра­линоваға (№10 шайбалы хоккей спорт мектебі) бұйырды.

Асық ату командалық сайыс ереже­сімен өтіп, «РТРК Қазақстан» АҚ бірінші орынды қанжығаларына байлады. «Qazaq radiosy» мен «Хабар» агенттігі үздіктер қатарынан көрінді.

Жыл сайын «BAQ Liga» додасында жүлдегер қатарынан табылатын хабар­л­ық волейболшылар финалда «Qazaq radiosy» ұжымын 2:0 есебімен айқын жеңіп, алтын медаль иеленді. Қола жүлде үшін өткен кездесуде «Egemen Qazaqstan» газетінің командасы Астана қалалық спорт басқармасынан жасақталған «Тарлан» командасынан басым түсті. «Үздік шабуылшы» ата­лымы бойынша арнайы сыйлық Жамбыл Жанболатқа («Qazaq radiosy») берілді. Баян Сүлейменқызы («Egemen Qazaqstan») «Үздік үйлестіруші», Есенғазы Иманғазы («Хабар») «Үздік ойыншы», Даяна Тоқтағұлова «Үздік қорғаушы» (РСК) атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубок, медаль, дип­лом, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Спартакиада соңында сөз алған Ас­тана қала­сы дене шынықтыру және спорт басқармасы бас­шысының орынба­сары Азамат Ағзамов, елорда коммуникациялар қызметінің басшысы Абзал Досыман, қалалық спорттық-бұқаралық іс-шара­ларды өткізу дирекциясының бас­­шысы Азамат Белгібаев игі іс-шара жыл сайын жалғасын табатынын айтып, са­ла­­матты өмір салтын ұстануға мұндай са­йыс­тардың тигізер септігі мол екенін жеткізді.