
Абайтану ғылымында Зейнелғабиден Әміреұлының есімін айрықша айтуға әбден болады. Филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы оған «ұлттық ой-санасы ерте оянған, сол жолда қолынан келер әрекеттен аянбаған, Абай мұрасын баспасөзде насихаттап, татар халқына танытуға арнаған талпынушылардың бірі» деп баға берген. Яғни Зейнелғабиден Әміреұлы – ағартушы, Абай мұрасын баспа бетіне алғаш жариялаған қайраткер. «Насихат Қазақияда» қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелер қарастырылып, ақын Абай Құнанбайұлы мен жерлесіміз Сәдуақас Шормановтың өлеңдері алғаш жарияланған.
1909 жылы Уфа қаласында жарық көрген еңбек энциклопедиялық сипатқа ие, мұнда сол кезеңдегі қазақ халқы өмірінің қоғамдық-саяси мен әлеуметтік құрылысының мәселелері айқын ашып көрсетілген. Сондай-ақ ол Абай шығармашылығының ерекше маңызы бары туралы алғашқылардың бірі болып мәлімдейді.
Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер музейінің қызметкері Абзал Рымбектің айтуынша, Зейнелғабиден әл-Жауһаридің аталған кітабы араб қарпінде, төте нұсқада жазылған. Тарихи еңбектің түпнұсқасы елімізде санаулы. Ал Павлодарда табылған кітаптың он шақты беті ғана сақталған. Араб қарбіндегі көне парақтар жергілікті Бижан мешітіндегі құран кітаптары арасынан шыққан.
«Насихат Қазақияда»: «Баланы 11 жастан кейін ғана орыс тілінде оқыту» керек деген мәселе айтылады. Қазіргі өнертабысы мен ғылымы дамыған жапон халқы балаларына шет тілдерін үйретуді тек 12 жастан кейін ғана қолға алатындығы мәлім. Ағартушы бұл мәселені ертерек біліп, қазақ қоғамына сіңдіруді мақсат етсе керек.
Атап өтерлігі, бұған дейін отандық ғалымдар шығарманы кириллицаға түсіріп, кітап етіп бастырған.
Павлодар облысы