Тағзым • Бүгін, 08:50

«Егеменнің» Темірін еске алды

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында Орал қаласында танымал қаламгер, 30 жылға таяу «Egemen Qazaqstan» респуб­ли­калық басылымының меншікті тілшісі қызметін атқарған Темір Құсайынды еске алу кеші өтті.

«Егеменнің» Темірін еске алды

Суретті түсірген – Рафхат ХАЛЕЛОВ

Темір Нағымұлы сонау 1992 жылы, Тәуелсіздіктің таң­сәрісін­де-ақ ел газеті – «Егеменнің» тілшісі атанып, осы қызметінен зейнет демалысына шыққан ­ардагер әріптесіміз еді.

Журналистика саласындағы жемісті қызметі үшін Темір Құсайын 1995 жылы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығына ие болды, 1996 жылы «Қазақстанның жыл журналисі» атанды. Респуб­ликалық басылымдағы табыс­ты еңбегі, кәсіби жетістіктері үшін мемлекеттік марапатқа да ұсы­ныл­ды. 2005 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2012 жылы желтоқсан айында «Құрмет» орденімен марапатталды. 2014 жылы Темір Нағымұлының өңіріне жерлестері «Қазталов ауданының құрметті азаматы» белгісін тақты.

Темір ағамыз 2018 жылы «Қазақстан Республикасының ақ­парат саласының үздігі» атанса, 2020 жылы Қазақстан Респуб­ли­касы Парламенті Мәжілісі бел­гі­леген «Парламент сөзі» арнайы сый­лығының лауреаты болды. Зейнет дема­лысына шыққан соң да қаламын суыт­пай, республикалық, облыстық басы­лымдарда тұрақты жазып жүрді. Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газе­тінде «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» атты арнайы беттің жауапты редакторы болып, 2021 жылы қазан ­айында өмірден өткенге дейін мақала жариялап тұрды.

19 маусым – Темір ағамыз­дың туған күні еді. Осы күні әріптес­т­е­рі өмір­ден озған майталман тілші­ні еске алуды жөн көрді. Батыс Қазақ­стан облыстық Қоғамдық да­му бас­қармасының қолдауымен жа­рық көрген «Егеменнің» Темірі» ат­ты кітаптың да тұсауы осы күні кесілді.

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығын­да өткен тағылымды іс-шараға Астана қаласынан «Қазақ газет­тері» бас директорының орын­ба­сары Қамбар Ахметов кел­ген-ді. Астаналық мейманды Батыс Қазақстан облысының әкімі Нари­ман Төреғалиев арнайы қа­былдап, құр­мет көрсетті. Өңір бас­шысы облыс­та атқарылып жат­­қан жұмыстар, мем­ле­кет­тік бағ­­да­р­ламалардың орында­луы, соның ішінде Ақжайық өңі­рінде қолға алынған ерекше жоба – «Қаладан ауылға» бағ­дар­­ла­масы туралы кеңірек айтып берді. Қамбар Ахметов На­риман Төреғалиұлы­на «Қазақ газет­тері» бас директоры Дихан Қам­забекұлының Алғысхатын табыс етті. Осындай марапатқа БҚО Қоғамдық даму басқармасы басшысы Дархан Қадыралиев те ие болды.

«Жарқ етіп сөнген бір жұл­дыз» жобасы аясында өткен Темір Құсайынды еске алу ке­шіне марқұмның әріптестері, оқыр­ман­дары, туған-туыстары жиналды. Кеште «Қазақ газеттері» бас директорының орынбасары Қам­бар Ахметов cөз сөйлеп, отыз жылын бас басылымға арна­ған Темір Құсайын туралы тебірене толғады. Темір Нағымұлының «Ақ­парат саласының үздігі» төсбе­лігісін оның ұлы Қуаныштың қо­лына табыс етті.

Осы іс-шара қарсаңында «Егемен­нің» Темірі» атты кітап жа­рық­қа шыққан болатын. Бұл жинақта танымал қалам­гер­лер Мақсот Ізімұлы, Мақ­сат Тәжімұрат, Ертай Ашық­баев, Жанболат Аупбаев, Есен­жол Қыс­таубаев, Дариға Мұш­та­нова, Ғайсағали Сейтақ, Мира Шүйін­шәлиева, т.б. сынды әріп­тес­терінің Темір Нағымұлы жа­йында әсерлі естеліктері топ­тастырылған. Кітаптың тұсауын кесу рәсімі «Парасат» орденінің иегері, Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лау­реаты, қоғам қайраткері, ақын, жазушы Дариға Мұш­та­нова мен Жазушылар және Журналис­тер одағының мүшесі, Т.Айберге­нов атындағы сыйлықтың және Ха­лық­аралық «Алаш» әдеби сый­­лы­ғының лау­реаты, ақын Ғай­саға­ли Сейтаққа тапсырылды. Дариға Ғазезқызының шынайы есте­­лігі жиналған жұртты тебі­рентті. Бұдан кейін сахнаға ең­бек ардагері, Мұстахим Ық­са­нов атындағы қоғамдық қор­дың төрағасы Асқар Атаев, Жур­налистер одағы­ның мүшесі, фотограф Рафхат Халелов және басқалары шығып, әсерлі әңгіме­лерін ортаға салды. Мар­­құмның бауыры Мирлан Құсайынов пен ұлы Қуаныш Темір­ұлы да осын­дай ғибратты кешті ұйымдас­тырушыларға алғысын айтты.

Осы кеште Қазталов аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдана Мұхам­бетова мен «Ауыл айнасы» газетінің тілшісі Қыдыр Абрахманов Темір ағамыз дүниеге келген жердің ыстық ықыласын біл­­діріп, «Егеменнің» Темірі» кітабын Қаз­­талов ауданында да таныстыруға шақырды.

Естелік пен сырға толы кеште халықаралық, республикалық кон­курс­­тар­дың лауреаттары, Мәдениет саласының үздігі Аслан­бек Қуана­лиев, Батыс Қазақстан облы­сы­ның үздік мәдениет қыз­меткері, рес­пуб­­ликалық кон­курс­тардың лау­реаты Нұршат Ислам­ғалиев, рес­пуб­ликалық бай­қау­­лардың жеңімпаз-жүлде­герлері Алтынбек Базаров, Рустам Хафизовтер өнер көрсетті.

Әріптесіміз Темір Нағымұлын еске алу кешін ұйымдастыруға, естелік кітаптың жарық көруі­не қолдау білдірген облыстық қо­ғамдық даму басқармасына, «Жайық Пресс» медиахолдингіне, Қадыр Мырза Әлі атындағы мә­де­ниет және өнер орталығына көп рахмет айтамыз.

 

Батыс Қазақстан облысы