
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, Қазақстанда құс шаруашылығы саласында асыл тұқымды базаны дамыту қажет.
«Бүгінде елімізде құс шаруашылығындағы асыл тұқымды репродукторлар негізінен өз қажеттіліктерін өтеу үшін жұмыс істейді. Отандық құс фабрикаларын толықтай асыл тұқымды материалмен қамтамасыз ету мақсатында мемлекет тарапынан «Құс шаруашылығындағы бірінші және екінші деңгейлі асыл тұқымды репродукторларды құру және кеңейту» бағыты бойынша инвестициялық субсидиялар қарастырылған. Осы қолдау аясында біз жұмсалатын шығындардың шекті мөлшерін қайта қарап, оларды қазіргі нарық бағасына сәйкестендірдік», деді А.Бердалин.
Сондай-ақ, құс шаруашылығындағы асыл тұқымды репродукторларды құру және кеңейту бойынша инвестициялық шығындарды өтеу үлесі 25%-дан 40%-ға дейін ұлғайтылған.
«Асыл тұқымды репродукторлардың құрылысын ынталандыру мақсатында біз Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесіне сүйене отырып, жобаларды қаржыландыру бөлігінде кредиттеу ережелеріне тиісті өзгерістер енгіздік. Бағдарламаның басты шарты — 10 жылға жылдық 2,5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелер беру. Бұл шаралар осы бағытқа инвестиция тартуға мүмкіндік береді», деп атап өтті ол.
Вице-министрдің айтуынша, мемлекет тарапынан ет бағытындағы құс шаруашылығын субсидиялау жалғасып жатыр.
«Биыл бұл мақсатқа 15,7 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде тауық етін өндіру құнын арзандатуға — 15,2 млрд теңге, ал ата-ана және баба формасындағы тәуліктік асыл тұқымды балапандарды сатып алуға — 583,3 млн теңге бағытталды. Ал жұмыртқа бағытындағы құс шаруашылығында асыл тұқымды тауықтардан алынған тәуліктік балапандарды сатып алу құнын арзандатуға шамамен 457,4 млн теңге бөлінді», деді вице-министр.