Оқиға • Бүгін, 17:15

1 млн адамды ЖИ-ге баулимыз - Жаслан Мәдиев

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын дамытуда аймақтық көшбасшы елге айналып отыр. Бұл жөнінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев BAQ.KZ ақпарат агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

1 млн адамды ЖИ-ге баулимыз - Жаслан Мәдиев

Фото: Ашық дереккөз

Министрдің айтуынша, елімізде ЖИ саласын ілгерілету нақты үш стратегиялық бағыт аясында жүзеге асырылып жатыр. Олар: институционалдық базаны құру, инфрақұрылымды қалыптастыру және адами капиталды дамыту.

«ЖИ еліміздің технологиялық дамуының басым бағыты. Біз осы бағытта нақты стратегиялық көзқарас қалыптастырып жатырмыз. Осы орайда үш негізгі бағытты атап өту керек. Олар: институционалдық базаны құру, инфрақұрылымды қалыптастыру мен адами капиталды дамыту. Осының ішінде әр бағыт бойынша ірі бастамалар іске асырылып жатыр. Мемлекет саясатының арқасында Қазақстан цифрландыру мен ЖИ технологиялары саласында аймақта көшбасшы атанып отыр», деді министр.

Естеріңізге сала кетейік, министрліктің жанынан бір жыл бұрын арнайы ЖИ комитеті құрылып, ол бүгінде Қазақстанда жасанды интеллект бойынша мемлекеттік саясатты үйлестіретін жауапты орган ретінде жұмыс істеп жатыр.

Министрдің айтуынша, былтыр шілде айында 2024–2029 жылдарға арналған Жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құжатта нормативтік-құқықтық реттеу, технологиялық даму мен ЖИ экожүйесін құру мәселелері қамтылған.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен ЖИ-ды дамыту жөніндегі кеңес құрылып, оның құрамына халықаралық сарапшылар енген.

«Жасанды интеллект туралы заң жобасы да әзірленіп, қазіргі таңда бірінші оқылымда мақұлданған. Құжатты 2025 жылдың соңына дейін қабылдау жоспарланып отыр. Желтоқсан айында Ұлттық ЖИ платформасы дайындалып, өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Оның операторы ретінде «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ белгіленген», деді министр.

Сонымен қатар Жаслан Мәдиев жасанды интеллект саласының орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан алдағы бес жыл ішінде 1 миллион маман даярлауды жоспарлап отырғанын айтты.

Оқу бағдарламалары әртүрлі, атап айтсақ, 500 мың оқушы, 300 мың студент, 100 мың мемлекеттік қызметкер, 80 мың корпоративтік сектор мен стандарттау саласының өкілдері және 30 мың өзге санаттағы азаматтарға бейімделген.

«Әрбір топ үшін арнайы оқу бағдарламасы жасалған. Жалпы барлық шаралар ЖИ және инновацияларды дамыту комитеті арқылы жүзеге асырылады», деді Жаслан Мәдиев.