
Белгіленген күні бардық. 28 дастарқан. Бір үстелде 12 адамнан отырғанда 336 адам. Көкшетау үшін ауқымды той. Жұмыс күні, сағат төртке шақырған. Ақсақалдан ұят болар деп уақтылы бардық. Барғанымызды қайтейін, сегізге дейін күттік. Жай отырмайыншы деп текке кеткен төрт сағатты 336 адамға көбейттім. Зая кеткен 1 344 сағат – адам ғұмыры.
«Осы уақытта қытайлар қанша зат істеп шығарар еді, – деді бізден соң келген ескі құда Қалқаман, – уақытты қадірлеуді қашан үйренер екенбіз».
Қас қарая той басталған. Жар-жарымен, беташары бір сағат уақыт алды. Асаба бірінші үстелге жеке сөз берген, содан соң төрт үстелді қосып. Әр үстелде 12 адамнан отырғанда тілек айтуға 48 кісі бір-ақ шығады. 48 кісі бір минуттан сөйлегенде, 48 минут бірін-бірі қайталайтын жаттанды лепес. Шығуы бар, суретке түсуі бар, қайтып орнына отыруы бар. Қаншама уақыт?
Әлден соң ойын басталды. Асаба ортаға жастары жер ортасынан асқан он жігітті шығарды. Мейрамхананың қабырғасына ілінген, жарты әлемді алып жатқан экраннан бишілердің бейнесі көрінді. Ойынға қатысушылар осы бишілердің биін қайталауы керек. Экрандағы бишілер жерге жатып биледі. Біздің ағайын да. Қозы қарын «байлағандарға» қиын екен. Шалшықтың шетіндегі бақа іспетті, тарбиып жатыр.
– Қап, – деді жанымда отырған қонақтың бірі, – мына еденде мың сан адам манадан әрлі-берлі жүрді емес пе? Күлге аунаған тауықтай қылған мұнысы несі? Тойға адам барын киіп, байлауын тағып дегендей, сәнденіп келеді емес пе? Мына жігіттерде де ес жоқ екен.
Асаба да жалығар емес, айтқанына көніп, айдағанына жүрген топ жігітті алдына салып мың қой айдаған бақташыдай орағытып жүр. Әлден соң құрмет көрсетейік деді. Есебі одағай көріністі көріп отырған халық дуылдатып қол соғып, қолдауы қажет екен. Оң жақ деп айғай салды. Оң жақ қатардағы 14 дастарқанда ошарылып отырған тәмам жұрт қырдан жылқы қайырғандай қиқуласын кеп. Сол жақ деп бұйырды асаба. Сол жақ қатарда иін тіресіп отырған, ішкен мас, жеген тоқ меймандар мейрамхананың қабырғасын қақырата айғайласын келіп.
Осы асабалар халықты, әсіресе жастарды тәрбиелеуге тиісті емес пе еді. Ұлттық ұғымның ұңғысына енбейтін жат көріністерді бойына қайдан сіңіріп алған? Тойға барамын деп қажып қайттық. Сөйтсек, бұл соңғы кезде етек алған, көптің көзі үйренген көрініс екен. Айтпақшы, сіз тойға барып жүрсіз бе?