
Сурет: kazgazeta.kz
Форумға мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық кеңестер, Қазақстан халқы Ассамблеясы, жастар ұйымдары мен медиа өкілдері қатысып, азаматтық мәдениеттің күнделікті өмір сапасына қалай әсер ететіндігі туралы келелі пікір айтып, ақыл таразысына салды. Форумға қатысушылар құқықтық сауаттылық пен қоғамдық бақылау, инклюзия, жергілікті өзін-өзі басқару, экология, цифрландыру тәрізді ауқымды тақырыптарды жан-жақты жіктеп, дамыту жолдарын қарастырды. Сайып келгенде бұл тәжірибе талдамалық, ұтымды ұсыныстарды, оңтайлы әдіс-тәсілдерді қолдана білуге жол сілтейтін тың ойлар тербетілген бесік іспетті.
Форум бес бағыт бойынша тыңғылықты жұмыс істеді. Заңнама мен институционалдық диалогтен бастап, жасанды интеллект, креативті экономика жағдайында үшінші сектордың бейімделуіне дейін маңызды тақырыптар қозғалды. Мемлекеттің азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасын іске асыруға арналған секцияда мейлінше мазмұнды диалог өрбіді. 2020–2025 жылдарға арналған тұжырымдаманың алғашқы кезеңінің нәтижелері нақты көрсеткіштер арқылы ұсынылды:
– Біз жүйелі реформалар жүргіздік. «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылданды, тоғыз заңнамалық актіге өзгерістер енгізілді, бірлестіктерді тіркеу жеңілдеді, енді үш адамның өзі жеткілікті. Онлайн-петициялар, жаңа гранттар мен сыйақы форматтары пайда болды. Ең бастысы, ҮЕҰ-ға деген сенім нығайып, олар әлеуметтік серіктес ретінде қабылдана бастады, – деді Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова.
Мемлекет пен қоғам арасындағы сапалы әріптестік, барлық рәсімдерді цифрландыру, стратегиялық серіктестікті дамыту, жергілікті бастамаларды қолдау басты басымдық болмақ.
– Бүгінгі міндет – сандық жетістіктерден сапалы, өзара тиімді әріптестікке көшу. ҮЕҰ жай ғана жобаларды орындаушы емес, олар – білім, мотивация мен сенім таратушы орта, – деді Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева.
Құқықтық мәдениетке арналған секцияда ақпаратқа қолжетімділік, құқықтарды қорғау, экология, зорлық-зомбылықтың алдын алу тақырыптары талқыланды. Сенатор Жанна Асанованың пікірінше, құқықтық мәдениет – факультатив емес, қажеттілік.
Инклюзия мәселелері жеке бағыт ретінде қаралды. «Қазақстан халқына», Болат Өтемұратов қорларының өкілдері ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау, мамандарды оқыту, білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету жөнінде өңірлерде жүзеге асырылып жатқан жобалармен таныстырды.
«Ашық жүрек – Открытое сердце» қорының жетекшісі азаматтық сектор туралы көзқарастың кейінгі жылдары қалай өзгергенін айтты:
– Бүгінде үкіметтік емес ұйымдар ұғымы әрбір адамға түсінікті. Адамдар көріп отыр: мемлекет үлгермей жатқан жерлерде біз көмекке келеміз. Бұл – бизнес те, саясат та емес, адамгершілік пен өзгеріске ұмтылу, – деді Олеся Жагпарова.
Форумның пленарлық отырысы оның логикалық қорытындысы болды. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев құттықтау сөз сөйледі. Форум қорытындысы бойынша өңірлерде үкіметтік емес ұйымдарды қолдау инфрақұрылымын дамыту, мемлекеттік тапсырыс тетіктерін жетілдіру, жаңа цифрлық сервистерді енгізу, шешім қабылдау үдерістеріне қоғамдық ұйымдардың жүйелі қатысуын қамтамасыз ету жөнінде нақты ұсыныстар енгізілген қарар қабылданды. Ең белсенді қатысушылар облыс әкімі мен Азаматтық альянс атынан алғысхаттармен марапатталды.
КӨКШЕТАУ