Сенат • Бүгін, 09:05

Сенат сессия жұмысын қорытындылады

20 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палатаның осы сессиядағы қорытынды отырысы өтті. Онда сенаторлар бірқатар заңды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.

Сенат сессия жұмысын қорытындылады

Депутаттар өңірлерге аттанады

Сенат төрағасы үшінші сессия жұмысын қорытындылай келе, осы кезеңде сенаторлар Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуде кешенді жұмыс атқарғанын атап өтті. Жалпы, бұл сессияда 89 заң қаралған. Оның 75-і мақұлданып, 14-і Мәжіліске қайтарылған.

– Сессия барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сырмаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен әзір­лен­ген жаңа Бюджет және Салық кодекстері қабылданды. Сондай-ақ қабылданған жаңа Су кодексі су ресурстарын тиімді пайда­лануға заңнамалық негіз қалып­тастырды. Түркістан қаласына ерекше мәртебе беретін заң да мақұл­­данды. Ал осы отырыста міндетті әлеуметтік меди­ци­­­на­лық сақтандыру саласын­да­ғы мә­­се­лелерді шешуге ар­нал­­ғ­ан тү­зету­лер топтамасын қара­дық. Сонымен қатар қыл­мыс­тық заң­нама нормалары оңтай­лан­ды­рылды. Алдағы уақыт­та бұл заң­дар Президенттің рефор­ма­ларын тиімді іске асыруға ықпал етеді деп сенеміз, – деді М.Әшімбаев.

Палата спикері Сенаттың өңірлермен өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі жұмысы­ның нәтижелеріне де тоқталды. Мәулен Әшімбаевтің айтуынша, биыл Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес қызметі жаңа деңгейге көтерілген. Соның аясында 50-ге жуық бірлескен іс-шара ұйымдастырылып, алғаш рет кеңейтілген отырыс өткен. Сондай-ақ «Бір ел – бір мүдде», «Өңір» депутаттық топтарының, Инклюзия жөніндегі кеңестің, Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның және басқа да сараптамалық алаңдардың жос­парлы жұмысы жүйелі түрде жалғасып келе жатқанын ерекше атап өтті Сенат спикері.

Сонымен қатар Сенат төрағасы алдағы уақытта депутаттардың өңірлерге сапары басталатынын мәлімдеп, азаматтармен және сарапшылар қауымдастығымен кездесулерде жергілікті жерлердегі өзекті проблемаларды барынша зерделеу қажет екенін айтты. Тұрғындар көтеретін мәселелер алдағы сессияда назарға алынып, мүдделі тараптармен бірлесіп, пысықталмақ.

– Сессия барысында 3 пар­ла­менттік тыңдау, 4 Үкімет саға­ты, комитеттердің 50-ден аса көш­пелі отырысы және 90-ға жуық дөңгелек үстел мен кездесулер өткізілді. Сондай-ақ әріп­тес­теріміз Үкіметке 170-ке жуық депутаттық сауал жолдап, өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін қараймыз. Кейін Парламенттің кезекті сессиясын қорытындылап, өңірлердегі жұмысымызды бас­таймыз. Жұртшылықпен кездесулерде жергілікті жердегі проблемаларды зерделеп, халық­ты алаңдататын мәселелер мен олардың ұсыныстарына баса мән берген жөн. Оның бәрі алдағы депутаттық қызметімізге негіз болады, – деді М.Әшімбаев.

 

Ауылдар интернетпен қамтылады

Палата отырысында сенаторлар Президенттің Жоғарғы Сот судьяларын қызметтерінен босату туралы ұсынуын қарады. Нәтижесінде, депутаттар Мем­лекет басшысының судьялар Досжан Әмір мен Герман Нұр­баевты қызметтен босату жөнін­дегі ұсынуын бірауыздан қолдады

Сонымен қатар сенаторлар қараған «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы ара­сындағы одақтастық қатынас­тарды тереңдету және кеңейту тур­алы шартты ратифика­ция­лау туралы» заң жаңа сын-тегеуріндер мен қауіпсіздік қатерлеріне қарсы іс-қимыл барысындағы ынтымақтастықты нығай­туға бағытталған. Шарт саяси, әскери, сауда-экономи­калық, инвестициялық, ауыл шаруа­шылығы, транзиттік-көлік­тік, су-энергетикалық, білім беру, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалар­дағы серіктестікті кеңейтуді көздейді. Сондай-ақ құжат нормаларына сәйкес тараптар парламентаралық байланыстарды одан әрі дамытуды және нығайтуды қолдайды.

Ал «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Қазақ­станның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифр­ландыру жобасы) ратификациялау туралы» заң нормалары ауылдық жерлерде тұрақты цифрлық инфрақұрылымды қамтамасыз ету жөніндегі жобаны іске асыруға арналған. Бұл 1 123 ауылды жылдамдығы жоғары интернетке қосып, қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақ­тықты қысқартуға мүм­кіндік береді. Осылайша, 2,3 млн-нан аса ауыл тұрғыны интер­нетке қол жеткізеді. Бұл іс аясында мыңнан аса жұмыс орны да ашылады деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ отырыста қаралған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медици­налық сақтандыру және меди­циналық қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң Мемлекет бас­шы­сы Жолдауда белгілеп берген міндеттерді іске асыру мақсатымен әзірленген. Аталған құжат медициналық көмек пен оның сапасын арттыруды көздейді. Заң нормалары медициналық көмекті қаржыландыру саласында ашықтық пен есептілік тетіктерін енгізуге бағытталған. Атап айтқанда, МӘМС қағи­дат­тарын кеңейту және мемлекет жарналарының мөлшер­лемелерін кезең-кезеңімен өзгерту, сондай-ақ жарналарды төлеудің уақытша үзілістері кезінде сақтандырылушының мәртебесін қорғау қарастырылған.

Бұған қоса депутаттар респуб­ликалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша бірқатар ережені бекітті. Сенаторлар елорда мен республикалық маңызы бар қалаларды дамыту, рес­публикалық жобалар, кәсіпкерлік және мемлекеттік органдардың функцияларын оңтайландыру мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдады. Құжат қолжетімді ортаны қамтамасыз ету, дизайн-кодты сақтау, стационарлық емес объектілерді орнату, олардың жұмыс істеу мәселелері бойынша елорданың және республикалық маңызы бар қалалардың жергі­лікті өкілді және атқарушы орган­дарының өкілеттіктерін кеңейтуді көздейді. Заңда Астананың санитарлық-қорғау жасыл аймағын регламенттеу мәселесі де назарға алынған.

 

Некеге тұруға мәжбүрлеу – қылмыс

Қоғамның конституциялық құндылықтарын қылмыстық-құқықтық қорғауды күшей­ту мәселелері «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнама­лық актілеріне Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда қарастырылған. Соның аясында некеге тұруға мәжбүрлеу, сталкинг, заңсыз банктік, микроқаржылық, коллекторлық қызмет сияқты қылмыстық құқық бұзушылықтардың құрамы енгізілді. Енді «Қорғауға құқығы бар куәнің» құқықтарын қорғау күшейтіліп, адвокаттың сотқа айыптау актісіне қарама-қарсы құжат-қорғау актісін енгізу құқығы бар.

Палата депутаттары «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әске­ри-патриоттық тәрбие, әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік орган­дардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да қарады. Құжат нормаларының басты мақсаты – азаматтардың әскери-патриоттық тәрбиесін күшейту, білім беру ұйымдарында әскери даярлықтың барлық түрлерін жүйелеу, әскери есепке алуды және әскери қызметке шақыруды жетілдіру, әскери қызметтің беделін арттыру.

Үкіметке депутаттық са­уал жолдаған Бекболат Орын­беков электр желілері инфра­құрылымының тозуына қатысты проблеманы көтерді. Осыған байланысты ол бірнеше энергия беруші ұйымның тарифтерін орта шамаға жуықтау арқылы қызметтердің бірыңғай құнын айқындауға мүмкіндік беретін «Электр энергиясын жеткізудің бірыңғай орталығын» құруды ұсынды.

Ал Сәкен Арубаев ауылдағы интернеттің сапасыз және оның жергілікті тұрғындарды қамтамасыз етуге жеткіліксіз екенін айтты. Депутат интернет сапасына қатысты ауылдарға арналған ұлттық стандарт енгізіп, ауыл әкімдерінің жұмысына ауыл­дарды цифрландыру деңгейі бойынша KPI бекіту және халық тарапынан интернет сапасын бағалаудың онлайн-мониторинг тетіктерін іске қосу керек деп есептейді.

Закиржан Кузиев селекция­лық-тұқым шаруашылығындағы проб­лемаға тоқталды. Сена­тордың айтуынша, бүгінде тұқым шаруашылығын субсидиялауға бөлінетін 12,5 млрд теңгенің 8 млрд теңгесі импорттық тұқым сатып алуды қолдауға жұмсалып келеді. Ал мұндай қадам басқа мемлекеттердің селекциялық базаларын қаржыландыратынын тілге тиек етті депутат.

Айгүл Қапбарова ауыл шаруа­шылығы өнім­дерін өткізумен айналысатын шаруалардың инф­рақұры­лымдық және инс­титуционалдық мәселелеріне мән берді. Депутат өз сауалында демпингке қар­сы іс-қимыл құ­ра­л­дарын енгізу­ді, отандық өн­діру­­ші­лерді қорғауды, сондай-ақ ашық және болжамды «ойын ере­же­лерін» қалыптастыруды ұсынды.

Жанна Асанова еліміздің курорттық және жағажай аймақ­тарында су техникасы мен аттракциондарын пайдалануды бақылауды күшейтудің маңызды екенін айтты. Осыған байланыс­ты сенатор елдегі барлық жаппай су демалысы нысандарында шағын көлемді су техникасы мен су аттракциондарын пайдалану жөніндегі заңнаманың сақталуына қатысты шұғыл жос­пардан тыс тексеру жүргізуді ұсынып, Үкіметті бұл мәселеге жіті назар аударуға шақырды.

Айнұр Арғынбекова жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелерін көтерді. Ол денсаулық сақтау саласында жаңа технологияларды толыққанды пайдалану үшін осы бағытқа жасанды интеллектіні енгізудің мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу керектігін айтты. Әзірге аталған жұмыс жүйесіз жүргізіліп отыр. 

Соңғы жаңалықтар