
Премьер-министр Олжас Бектенов «Tubacex» вице-президенті Антон Азлормен кездесіп, өнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды талқыға салды. Маңызды кездесуде өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық келешегі, оның ішінде жоғары технологиялы жаңа өндірістерді енгізу мәселелері талқыланды. Жіксіз құбырларды қоса алғанда, мұнай-газ саласында сұранысқа ие өнімдер шығаруға назар аударылды.
Шетелдік инвестор Атырау облысында тот баспайтын болаттан және никель қорытпаларынан жасалған жіксіз құбырлар шығаратын Орталық Азиядағы алғашқы зауытты салу жобасын ұсынды. Жоба жүзеге асса 12 мың тоннаға дейін дайын өнім өндіріледі.
Сонымен қатар заманауи мұнай-газ машинасын жасау зауытын ашудың қарекеті те қамтылды. Ел Үкіметі қосылған құны жоғары өнім шығару бойынша өндірістер ашуға баса назар аудара отырып, өнеркәсіп секторына инвесторлар тартуға мүдделі екенін аңғартты.
Кездесу соңында тараптар әрі қарай ашық және сындарлы диалогке дайын екенін жеткізді. Тиісті мемлекеттік органдарға жобаны одан әрі жүзеге асыру үшін қолдау таныту тапсырылды.
Испанияның «Tubacex» компаниясы мұнай мен газ өндіру (суасты, суүсті және жерүсті), электр энергиясын өндіру (дәстүрлі және атом), сондай-ақ мұнай химиясы өнеркәсібі саласындағы жетекші компаниялар үшін тот баспайтын болаттан сонымен қатар энергетикаға арналған арнайы қорытпалардан жасалған өнімдерді өндіруде әлемдік көшбасшы саналады. «Tubacex»-тің әлемде 24 өндірістік кәсіпорны мен 14 қызмет көрсету орталығы бар.