
Ғалымдар ақпараттық соғыс қастандық теориясы немесе ғылыми фантастика емес, әлемнің жаңа шындығы деген пікір айтады. Өйткені қоғам күн сайын ақпараттық шабуылға жаңалықтар, әлеуметтік желілер арқылы тап болады. Оның ішінде манипуляция, жалған ақпарат сенімді әлсіретіп, қоғамдағы тұрақтылықты бұзып, хаос тудыруды көздейді. Ал қазір қоғамдағы аңқау адамдарды ақпараттық манипуляция арқылы өз дегеніне көндіру, жетегіне ілестіру, сол арқылы мақсаттарына қол жеткізу белгілі бір топтың көздегені болуы да мүмкін. Әсіресе, алпауыт мемлекеттер ақпараттық майдан шебінде өздерінің мақсат-тілектерін қоғамға сіңдіруге тырысып жатқаны белгілі.
Бүгінгі таңда ақпараттық соғыстар геосаяси ықпал етудің, әлеуметтік қақтығыстардың, тіпті жеке манипуляцияның негізгі құралына айналды дейді сарапшылар. Жалған ақпараттар мен үгіт-насихаттардың ақпараттық шындыққа еніп кеткені сонша, олар жиі шынайы деректер ретінде бүркемеленеді. Дегенмен бұл – жай ғана деректер үшін шайқас емес, бұл сананы басқару үшін шайқас. Мәселен, Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (Center for Strategic and International Studies) сарапшылары Бенджамин Дженсен мен Дивья Рамджи Израиль-Хамас қақтығысы ақпарат майданында қалай өрбігенін талдаған.
«Аймақтық қақтығыстарда және геосаясатта үгіт-насихат жүргізуге бұрыннан шебер Израиль әлеуметтік медианы өзінің коммуникациялық стратегиясына шебер енгізді. Көптеген жыл бойы әлеуметтік медиа платформалары Палестинаны қолдайтын түсініктемелерге цензураға қойып, Израильге қарсы мазмұндағы ақпараттар жойылып отырды», дейді олар. Кейін палестиналықтар өздерінің дауыстарын күшейту үшін X және TikTok сияқты платформаларды пайдаланып, Израильдің БАҚ үстемдігіне қарсы тұрды. Ақпараттық ландшафтта Израиль дәстүрлі түрде өзін дұшпан санайтын көршілер арасында осал демократия ретінде көрсетті, мұны өзінің әскери әрекеттеріне қажет өзін-өзі қорғау ретінде негіздеді. Алайда ХАМАС-тың Израильдің палестиналықтарға қарсы зорлық-зомбылығын бейнелейтін әлеуметтік медианы стратегиялық қолдануы мұны әлсіретіп жіберді.
«Бұрын әлеуметтік медиа компаниялары, әсіресе Мета АҚШ-тың лаңкестік тобы деп танылған ХАМАС пен Палестина арасындағы шекараны жоюда үлкен рөл атқарса, платформалар қақтығыс мазмұнын модерациялауға қатысты ұстанымын өзгертті. Жалпы, әлеуметтік медиа компаниялары Украина-Ресей қақтығысынан алған сабақтарын гуманитарлық құқықтарды қолдау және соғыс шындығын көрсететін графикалық мазмұнға мүмкіндік беру үшін пайдаланып отыр. Палестина халқы мен ХАМАС арасындағы 2021 жылы орын алған шабуылдардан кейін күшейген бұл айырмашылық палестиналықтардың құқықтарын қолдауды күшейтіп, Израильдің ұстанымына нұқсан келтірді. Осылайша, ақпараттық майданда палестиналықтар да күшін көрсетіп, әлем назарын өзіне қаратты», дейді сарапшылар.
Осыдан ақпараттық майданның қоғамға қалай әсер ететінін көруге болады. Жалпы, ақпараттық майдан бұрыннан бар, алайда бұрын оны әлем көшбасшылары буып-түйіп, жұдырықта ұстады. Ал әлеуметтік медиа келісімен оны тізгіндеу мүмкін болмады. ХХІ ғасырдағы интернеттің, әлеуметтік желілердің және жаһандық коммуникациялардың дамуы ақпараттық соғыстың дамуын жеделдетіп, оны неғұрлым озық деңгейге жеткізді. Енді жалған ақпарат әп-сәтте таралып, миллиондаған адамға әлеуметтік желілер, желілік медиа және хакерлік шабуылдар арқылы жетеді.
Қазір мемлекеттер ұлттық қауіпсіздіктің негізгі элементі ретінде ақпараттық соғыстың маңызын жақсы түсінеді. Кейінгі онжылдықта АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Израиль сияқты мемлекеттер өздерінің мүдделерін қорғау немесе басқа елдерге ықпал ету үшін соңғы технологияларды пайдалана отырып, ақпараттық операцияларды жүргізудің стратегияларын әзірледі. Мәселен, Ұлыбритания ақпараттық қатерлермен белсенді түрде күресіп келеді. Brexit референдумы мен сайлау үдерістеріне араласу әрекеттерін анықтағаннан кейін ел қауіп мониторингін, ақпараттық қауіпсіздікті және фейкпен күресті қамтитын кешенді киберқорғаныс жүйесін әзірледі. Ұлыбритания жалған ақпаратпен күресу үшін арнайы бөлімшелер құрды, оның ішінде ақпараттық операцияларға, дұшпандық науқандарды анықтау және оларға қарсы тұру үшін әлеуметтік медиа жұмысына маманданған «77-бригада» құрды.
Зерттеулерге сәйкес, АҚШ, Словакия, Филиппин фейк жаңалықтар ең көп шоғырланған елдер болып шықты. Мұнымен күресу үкіметтердің, бұқаралық ақпарат құралдарының және азаматтардың көпжақты күш-жігерін талап етеді, сауалнамаға қатысқан респонденттердің 30 пайыздан астамы ақпараттың сенімділігі үшін негізгі жауапкершілік бұқаралық ақпарат құралдарының мойнында деп санайды.
Елімізге де ақпараттық шабуылдар жасалып тұратыны белгілі. Осыдан екі-үш жыл бұрын «Russia Today» редакторы Маргарита Симоньян Қазақстанға қатысты бірнеше рет мәлімдеме жасаған еді. Ресей мен Украина арасындағы мәселеге байланысты еліміздің бейтараптылығын сынап Қырымды мойындау, кириллицаны қалдыру, Қырғызстандағы сияқты орыс тілін екінші мемлекеттік тіл ету, орыс тілді мектептерді жайына қалдыру секілді мәселелерге үн қосқаны бар. Алайда бұл ақпарат майданында дау тудырғанымен, әлемдік деңгейге шыға қоймады. Үкімет бұған дер кезінде тосқауыл қоя білді.
Қазіргі жаһанданған заманда елдер мемлекеттік шекарасын шегендесе де, ақпараттық шекарасын тізгіндеу қиын.