
Медиа саласы қызметкерлеріне баспана беру бастамасы — азаматтарды әлеуметтік қолдауды күшейту және қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған кең ауқымды мемлекеттік саясаттың бір бөлігі.
Салтанатты рәсім барысында ҚР Президентінің Кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биыл үшінші жыл қатарынан журналистерге пәтер беру шарасы ұйымдастырылып отыр. Бұл – Президенттің отандық медиа қызметкерлеріне деген үлкен қолдауы. Биыл пәтерлер тек журналистерге ғана емес, режиссерлерге, операторларға, корректорларға және отандық медианың өзге де мамандарына беріледі. Сонымен қатар біз әлеуметтік осал топтарға ерекше назар аудардық: пәтер иелерінің қатарында көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар да бар. Әріптестеріміздің жетістіктеріне қуаныштымыз. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!», деді Руслан Желдібай.
Пәтер сертификаттарына «Qazaqstan» республикалық телерадиокорпорациясы, «Хабар» Агенттігі» АҚ, «Qazcontent» АҚ, «Қазақ газеттері» ЖШС, «ЕВРАЗИЯ+ОРТ» ЖШС, «Atameken Business» медиахолдингі, Tengrinews және басқа да медиа ұйымдардың қызметкерлері ие болды.
«Мемлекет басшысының БАҚ өкілдерін баспанамен қамтамасыз ету бастамасын «Дара» қоры сәтті жүзеге асырып келеді. Қоғамға оң әсер ететін және азаматтардың әл-ауқатын жақсартатын жобаларды іске асыру – біздің негізгі құндылықтарымыздың бірі болып қала береді», деп атап өтті «Дара» Президенттік бастамалар қорының жетекшісі Мұхамедқали Тауан.