
Фото: Ашық дереккөз
Қайғылы жағдайды ҚР Қорғаныс министрлігінің Құрлық әскерлері қолбасшылығы растады. Ресми мәліметке сәйкес, сарбаз ата-анасының еріп жүруімен қысқа мерзімді демалыстан қызметіне оралған. Өкінішке қарай, жол апаты салдарынан үшеуі де оқиға орнында көз жұмған.
«Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы 2025 жылғы 28 маусымда Аягөз гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінің мерзімді әскери қызметшісі және оны сейілдемеден әскери бөлімге алып келе жатқан ата-анасы жол апаты салдарынан қаза тапқанын зор күйзеліспен хабарлайды», деп жазылған хабарламада.
Алдын ала мәліметтер бойынша, жол апатына Toyota Lumiere көлігін тізгіндеген 62 жастағы жүргізушінің қарсы бағытқа шығып кетуі себеп болған.
«Toyota Lumiere автокөлігінің жүргізушісі жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, Toyota Land Cruiser көлігімен соқтығысқан. Соның салдарынан Toyota Lumiere жүргізушісі мен үш жолаушысы оқиға орнында көз жұмды», деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.
Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.