
Фестивальге жетекші отандық және шетелдік ғалымдар, этнографтар, өнер қайраткерлері қатысты.
Бағдарламада этнографиялық қойылымдар, қымыз ашыту рәсімі мен ұлттық тағамдардан дәм тату, қолөнер шеберлерінің жұмыстары қойылған көрмелер мен таныстырылымдар ұйымдастырылып, этно-ансамбльдер мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті.
2018 жылы «Қымызмұрындық» дәстүрі ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енді. Бұл – халқымыздың өмір салты, дүниетанымы табиғатпен үндес екенінің айғағы. Аталмыш іс-шара «Бозоқ– Өңірлерде» акциясы аясында өтті.
Фестиваль Бозоқ Ұлттық археологиялық паркінің құрылуы туралы тарихи-мәдени жобаны кеңінен насихаттау, сондай-ақ Еуразия далалық өркениеттерінің материалдық емес мұрасын сақтау мен қайта жаңғыртуды мақсатында ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұлттық дәстүрлерді сақтау – бұл тек мәдени құндылық қана емес, сонымен қатар жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру мен рухани сабақтастықты нығайтудың негізі.
2021-2023 жылдар аралығында «Бозоқ» музей-қорығы дала этнографиясы бойынша ауқымды ғылыми-зерттеу экспедицияларын жүргізіп, нәтижесінде «Еуразия даласының қымыз мерекесі: лейтмотив, жады және сәйкестік» атты ғылыми жинақ жарық көрді. Сонымен қатар, «Қымызмұрындық» мерекесі ресми түрде бекітілді.