
Меруерт АҚШ-тың үздік жоғары оқу орындарының бірі – Пенсильвания университетінде магистратураны сәтті аяқтап, студенттерге арналған ең беделді халықаралық марапаттардың бірі – «Penn Global Student Citizenship Award» иегері атанды. Бұл марапат – жаһандық азаматтық құндылықтарды ұлықтап, қоғамдық белсенділігімен ерекшеленген шетелдік студенттерге ғана беріледі. 284 жылдық тарихы бар Penn университетінде бұл марапат алғаш рет қазақстандық студентке табысталып отыр.
Магистратурада оқыған кезеңде Меруерт білім саласындағы теңдік пен инклюзия тақырыптарында зерттеулер жүргізіп, глобалдық саясат орталығында тәжірибеден өтті. Ол университеттік шараларға белсене араласып, студенттік үкіметтің президенті болып сайланды. Бұл – білім мен көшбасшылықты ұштастыра білген жас ғалымның тағы бір жарқын жетістігі. Университеттің ресми сайтында: «Меруерт Қазақстанды академиялық және қоғамдық өмірде лайықты әрі мақтанышпен таныстырып жүр» деп ерекше атап өтілген.
2025 жылғы көктемде Меруерт Бижановаға тағы бір аса маңызды мүмкіндік туды – Ұлыбританияның Оксфорд университетінен PhD (философия докторы) бағдарламасына шақырту алды. Ол білім беру философиясы бағыты бойынша докторлық оқуын 2025 жылдың қазан айында бастайды.
Меруерттің өмір жолы – жастарға арналған шынайы мотивация, табандылық пен білімнің жемісті нәтижесі. Ол халықаралық деңгейде Қазақстанның атын абыроймен шығарып жүрген, жаңа буын көшбасшыларының жарқын өкілі.