Талбесік • Бүгін, 08:40

Көктерекпен көркейген Еркін

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көгалдандыру жұмысы аясында биыл өңірде 120 мың көшет отырғызылды. Бұл – аймақтың абаттануына, табиғатты қорғауға бастайтын ауқымды жұмыстардың бірі. Бүгінде тұрғындар өзі тұратын ауланы жасыл-желекке орауды қызу қолға алып жатыр. Айталық, Көксу ауданында жалғыз өзі ауылында 8 мың түп көктерек көшетін отырғызған тұрғын ­бар. ­Ол он бес жылдан бері осы игілікті іспен айналысып келеді.

Көктерекпен көркейген Еркін

Суретті түсірген – Жұмабай МҰСАБЕК

Жетісу табиғаты көркем ай­мақ­тың бірі дегенімізбен, жыл сайын халық саны көбейіп, зауыт­тар ашылып жатыр. Бұл эко­ло­гияға кері әсерін тигізбей қой­майды. Сондықтан әр тұрғын хал-қадірінше ағаш отырғызып, айналасын қорғауға тиіс. Осы тұрғыда Көксу ауданына қарасты Мұсабек ауылының тұрғыны Еркін Пидахметұлының өнегелі ісі көпке үлгі. Шаруақор азамат жергілікті биліктің жәр­деміне қарамай, отбасымен бір­лесіп, көктем сайын жүз­деген көшет отырғызуды әдетке ай­нал­дырған. Шетелден оралған қандасымыздың қарекеті елі­міздің өркендеуіне жол ашатын жақсы мысал. Еркін 15 жыл бойы тынымсыз еңбектеніп, ауылдың тау жақ бөктеріне он мыңға жуық түп көктерек көшетін отырғы­зып, оны күтіп-баптап, бүгінде аспанмен бой таласқан бау-бақшаға айналдырды. Әлбетте, осы талпыныстың қалқасында қаншама еңбек, төзімділік, күш-жігер жатқаны өз-өзінен түсінікті болса керек.

«Халқымызда «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген тамаша тәмсіл бар. Мұны бала­ларыма үнемі айтып отырамын. Әкенің мұрасы балаға азық болмайды, өнегелі ісі азық болады. Бұл арқылы жас ұрпақты табиғатты қорғауға, қоршаған ортаны көгалдандыруға, Жер-Анаға жанашырлықпен қарауға тәрбиелейміз. Жетісу өңірі – табиғаты шұрайлы, суы мол, жері құнарлы өлке. Мұнда не ексеңіз де өркендеп кетеді. Топырағы майлы, егінге де, мал шаруасына да тиімді өңір. Сол тұрғыда осы абат мекенімізді жасыл желекке орап, ауасы таза, көрікті жерге айналдыруға бәріміз тырысуымыз керек», дейді Е.Пидахметұлы.

Атажұртқа сонау 2008 жылы біржолата қоныс аударған Еркін алғашында Талдықорған қала­сы­ның іргесіндегі «Ащыбұлақ» саяжайында қоныстанады. Арғы бетте «еңбек етсең ерінбей, тоя­ды қар­ның тіленбей» деген қағидамен шыңдалған жас жігіт 30 сотық ауласына Қытайдан ала келген алма, өрік, көктеректің көшетін егіп, жерсіндіреді.

«10 жасымнан бастап ағаш егіп, оны күтіп-баптауға құмарт­тым. Елге оралған соң да осы кәсіпті жалғастырғым келді. 2010 жылы елімізде «Жасыл Қазақстан» бағ­дар­ламасы қолға алынды. Сол тұстағы облыс әкіміне хат жазып, өзімнің орман өсіріп, қор­шаған ортаны көркейту мақ­сатымды жеткіздім. Бұл өтінішім қабылданып: «Облысқа қарасты қай ауданнан лайықты жер көр­сең, сол жерді өзгертуге қолдау көрсетіледі» деген жауап алдым. Сонымен Талдықорған қаласы, Ескелді, Қаратал, Көксу аудан­да­рының ауылдарын аралап жүріп, таң­дауым Көксу ауданының Мұсабек ауылына түсті. Ауылдың тізгінін ұстап жүрген азаматтар 22 га жер телімін беріп, арманымды ұштады. Сонымен алғашында алма ағашын егіп көріп едік, өнбеді. Өйткені Мұсабек ауы­лының жері құмдауыттау, желі үзілмейтіндіктен, жеміс ағашын өсіру қиындау екен. Содан кейін, Қытай көктерегінің көшетін әкеліп, еге бастадым. Нәтижесін көріп тұрсыздар», дейді Еркін бас-аяғы бір шақырымға созылып жатқан, он қатар болып тізіліп өскен көк­терек қатарын нұсқап.

Еркіннің бастамасын Мұсабек ауылының әкімдік қызметкерлері мен ауыл ақсақалдары, тұрғын­дар мен мектеп ұжымы бірден қолдап, ағаш көшетін отырғызу кезінде, оны суарып, күтіп-баптауға көп көмек көрсетеді.

«Ауылымыз желдің өтіне орна­ласқан, оның үстіне, топырағы құмдауыт болғандықтан, бақша өнімдері, жеміс-жидек  өспейді. Еркін ең алғаш ауылға алма аға­шын егіп еді, жер жағдайына байланысты жерсінбеді. Содан кейін ауылды айналдыра көктерек егіп, оның қалқасына алма, өрік ағаштарын егіп өсірді. Қазір олар жеміс беріп тұр. Көктеректер биік­теп өсіп, азынаған жел бә­сең­­сіп, ауылды құм баспайтын болды. Ауылдастар ауласына бақ­ша өнімдерін көптеп еге бас­тады. Сөйтіп, Еркіннің көк­те­регі бүкіл ауылдың бейнесін өзгер­тіп жіберді», дейді Мұсабек ауы­лы­ның тұрғыны Зиягүл Досан­қызы.

«Еркіннің көктерегі» деген сөзді бүгінде Мұсабек ауы­лы­ның тұрғындары мақтана айтады. Көктеректің көсегесін кө­герткен Еркін қосымша қара ағаш­тың тұқымын да сеуіп, 1-2 жылдық көшетін Астана, Алматы, Түркістан қалалары мен Қара­ған­ды, Оңтүстік Қазақстан облыстарына саудалап, нәпақа табады.

«Елімізде еңбектенген адамға барлық жағдай жасалған, мүмкін­­дік мол. Менің төрт түлігім де, биз­несім де, кәсібім де – осы ағаштар. Алдағы уақытта мұның санын да, аумағын да кеңейтіп, көктерекпен бірге жеміс ағашын өсіріп, қоршаған ортаға қосар үлесімді еселей беремін», дейді кейіпкеріміз.

Шындығында, Еркін сияқты азаматтар көбейсе, тұмса табиға­ты­мыз түрлене түсер еді, жасыл желектер қалыңдай берер еді. Аза­маттың алдағы мақсатын жүзеге асыруға ауыл, аудан әкімдігі де қолынан келгенше көмектесуге дайын. «Көп түкірсе көл» дегендей, бұл еңбектің жемісін ертеңгі ұрпақ көреді.

 

Жетісу облысы