«Таза Қазақстан» • Бүгін, 16:20

Ақтөбе жастары су қоймасының жағасын тазалады

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Таза Қазақстан»  республикалық  акциясы аясында  Ақтөбе су қоймасы жағасында кең ауқымды  тазалық жұмыстары жүргізілді. Сенбілікке өңірдегі белсенді жастар және қала тазалығына бей-жай қарамайтын   тұрғындар қатысты. Экологиялық іс-шараны облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтөбе жастары су қоймасының жағасын тазалады

«Таза Қазақстан» акциясы – тек тазалық жұмыстары ғана емес, бұл азаматтық қоғамның  экологиялық мәдениетін қалыптастыруға  бағытталған маңызды қадам. Жастар ресурстық орталығы мүшелері осы бастаманың өңірде кең көлемде өткізілуіне ұйытқы болып келеді. 

« Ерте көктемнен бері тұрақты түрде ұйымдастырып жатқан іс-шараның мақсаты –жастарымыздың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Бұл  табиғатқа жанашырлықпен қарау, төңіректі қоқысқа толтырмау, көкті жұлмау, ағашты сындырмау сияқты қарапайым қағида. Түпкі мақсат –өсіп келе жатқан ұрпақ бойында экологиялық сана қалыптастыру. Жастар осы жағынан бір-бірінен үлгі алады», дейді Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалин.

«Табиғатты қорғау – әрбір азаматтың парызы» деп есептейтін жастар экологиялық акция  кезінде су қоймасының айналасын қоқыстан тазартып, ынтымақтаса жұмыс атқарды.

«Демалушыларға да қоқыстарды өздерімен бірге алып кетуді ескерттік. Осылайша  тазалық жұмыстарын жүргізіп қана қоймай,  адамдардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға  да ықпал етіп жатырмыз»,  дейді волонтер Жансейіт Қуандық.

Айта кету керек, «Таза Қазақстан»  жалпыұлттық жобасы аясында биылғы жартыжылдықта Ақтөбе облысы бойынша  жастар ресурстық орталықтарының ұйымдастыруымен 332 экоакция өткізіліп, оған 8997 жас қатысты.

Ақтөбе облысы