
- 3-6 шілде аралығында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында белгілі қоғам қайраткері, кезінде еліміздің боксы мен дзюдосын өрге сүйреп, сол федерацияларға жетекшілік етіп, халықаралық ұйымдарда да түрлі басшылық қызмет атқарған Бекет Махмұтовты еске алуға арналған Азияның ашық кубогінің жалауы желбірейді. Жасөспірімдер мен жастардың басын қосатын жарыста елімізден бөлек, АҚШ, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ливан, Моңғолиядан келген 700-ден аса татами шеберлері бақ сынайды. Сонымен қатар сайыс барысында төрешілер мен бапкерлерге арналған халықаралық семинар ұйымдастырылады. Оған Польша, Мысыр, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Үндістан, Иран, Нидерланд, Жапония, Сауд Арабиясынан келген 80-ге жуық білікті маман қатысады.
- Вьетнамда муай-тайдан Азия чемпионаты аяқталды. Додада еліміздің 24 спортшысы бақ сынап, солардың жетеуі жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Жалпы есепте жерлестеріміз тек Таиланд құрамасын алға жіберіп, екінші орынды иеленді.
- Хорватияның Загребінде өткен халықаралық турнирде еліміздің үстел теннисшілері сәтсіз өнер көрсетті. Алғашқы айналымда Серік Жұбанов германиялық Сендрик Мейсснерден ұтылса, Дастан Кенжеғұлов қытайлық Сюй Хайдунге жол берді. Айдос Кенжеғұлов уэльстік Джошуа Стейсиге сан соқтырғанымен, екінші кезеңде Қытай елінің өкілі Сюй Инбиньге есе жіберді.
- Футболдан еліміздің премьер-лигасының 14-туры мынадай нәтижелермен аяқталды: «Ұлытау» – «Жетісу» 1:2, «Атырау» – «Оқжетпес» 0:0, «Тобыл» – «Жеңіс» 2:2 , «Тұран» – «Ақтөбе» 0:3, «Қайсар» – «Елімай» 1:2, «Ордабасы» – «Қайрат» 0:1, «Астана» – «Қызылжар» 3:3. Жарыс кестесінде «Астана» әлі де көш басында тұр. Елордалық клубта 34 ұпай бар. Екінші, үшінші орындарда – «Қайрат» (33 ұпай) пен «Ақтөбе» (29 ұпай).
- Футзалдан еліміздің чемпионы анықталды. Алматыда өткен «Қайрат» пен «Семей» арасындағы төртінші кездесу 4:3 есебімен аяқталды. Алаң иелері сапынан Жулио Занотто (10-минут), Біржан Оразов (13-минут), Алиссон (17, 38-минуттар) мергендік танытса, қонақтар арасынан Дедезиньо Андерсон (11-минут), Камиль Герейханов (35-минут), Игита (36-минут) нысананы дәл көздеді. Естеріңізге сала кетейік, қос команда арасындағы алғашқы матчта «Семей» жеңіске жеткен еді. Алайда одан кейінгі үш ойында алматылықтар басымдық танытты.
- 4-10 шілде аралығында Астанада ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жастар арасында өтетін Азия чемпионатында еліміздің намысын 36 өреніміз қорғайды. Бақ сынаушылар қатарында Дарья Балабаюк (63 кг), Аянат Жұмағали (77 кг), Әлихан Әскербай (71 кг), Едіге Емберді (79 кг), Денис Полубояринов (94 кг), Аңсар Тұрсынбек (+94 кг), Сағынбек Самарқан (+110 кг) сынды сайыпқырандар бар.