Өндіріс • Бүгін, 09:17

Кәсіпорын мүмкіндігі артып келеді

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Заман талабына сай бе­йімделу, өнім түр­лерін көбейту, материал­дық-тех­ни­калық базаны жақ­сарту «Целин­гормаштың» екін­ші тыны­сын ашты. Кәсіп­орын­ның негіз­гі қызметі – маши­на жасау. Арнайы техни­калар­ға қажет­ті әр­түрлі бөл­шек­ті, қалыптан тыс құрыл­ғы­ларды дайындайды.

Кәсіпорын мүмкіндігі артып келеді

1996 жылдан бері жұмыс істейтін кәсіпорын 2001 жылы кәсіпорын «Целингормаш» серіктестігі атанды. 2022 жылдан Алексей Ерофеенко иелік етеді. Компанияға 6 млрд теңге инвестиция құйылған. Осы қаражат есебінен жаңа цехтар салынып, заманауи құрылғылар сатып алынды. Директордың айтуынша, кәсіпорын өнімі сұранысқа ие. Мұнда теміржолға қажетті құрылғыларға да тапсырыс беріліп, вагондар мен локомотивтердің де қосалқы бөлшектері өндіріледі.

Осыдан бірер жыл бұрын кәсіпорын қызметі екі бағытқа бөлінген. Біріншісі – машина жасау бағытында стандартқа сай емес құрылғыларды даярлау болса, екіншісі – жаңа қосымша жабдықтау өндіру. Кейінгі екі жылда тапсырыс берушілер саны өскен. Кәсіпорын жоғары қысымды қазандықтар мен радиоактивті материалдардың контейнерлерін де дайындайды. Жұмыс учаскесінде 230 түрлі станок тұр. Ол станоктарда жоғары білікті 40 адам еңбек етеді. Айына 800 тонна­ға жуық металл құрылғылары екі ауысымда дайындалады. Егер тапсырыс берушіге шұғыл қажет болса қосымша күш жұмылдырылады.

Көптеген өндіріс оша­ғындағы тәрізді бұл жерде де кадр жетіс­пейді. Әсіресе токарь, фрезеровщик тәрізді мамандық иелері қасқалдақтың қанындай қат. Орташа еңбекақы – 480 мың теңге. Шағын қала тұрғындары үшін тәп-тәуір табыс. Міне, осы арада өндіріс саласының мамандарын даярлау мәселесі өткір күйінде екенін екпін түсіріп айта кетуге болады.

производство

Кәсіпорындағы үш цех­тың жаңғыруы жайында бөле-жара айта кету керек. Бірін­ші кәсіпорын неміс құрылғы­ларымен толық жабдықталған. Дәнекерлеу желісі адам күшін көп қажет етпей­тін құрылғы­лар арқылы жұмыс істейді. Үйреншікті дәнекер­леуші бір жұмыс ауқымын тәулік бойы істесе, робот 22 минут­та тап-тұйнақтай етіп мүлтік­сіз дәнекерлеп шығады. Метал­ды кесу, өңдеу ісі де жаңа құрыл­ғы­лар арқылы атқарылады. Кәсіп­­орынға негізінен «Алтын алмас», «RG Gold», «Норд Минералс Казахстан», «АИ Инжиниринг» компаниялары тапсырыс береді. Тағы бір жаңа цехта пластикалық терезелер де өндіріледі. Бұл бұйымдарға да сұраныс көп.

Осыдан екі жарым ай бұрын кәсіпорын тағы бір жаңа жобаны жүзеге асыруға кірісіпті. Алтын өндіретін фабрикалардың сұранысына орай шағын тұрғын үйлер дайындай бастаған. Шағын үйде тұрмысқа қажетті барлық жағдай қарастырылған. Уақытша жай болғанымен, кез келген маусымда пайдалануға әбден болады. Ең басты ерекшелігі, бір орыннан екінші орынға көшіру оңай.

Кәсіпорын жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дайы­на да көңіл бөледі. 27 жыл бойы жұмыс істемеген асха­на жөн­деуден өткізіліп, ел игі­­лі­гіне жаратылған. Кәсіпорын жұмыс­шылары тегін тамақтанады.

Өндірілген бұйымдар ашық үлгідегі кеден қоймасында сақта­лады. Заманауи жаңа жабдық­тармен толық қамтамасыз етіл­ген кәсіпорын алдағы уақытта тұтынушы тілегіне сай стандартты емес құрал-жабдықтарды шы­ғаруды молайта бермек. Өнді­ріс өрге басқан сайын ел экономикасы да нығайып, тіршілік тынысы кеңейе береді емес пе?

 

Ақмола облысы,

Степногорск қаласы