
Құмсай қорымында 168 оба бар. Кей обаларда ересектер мен балалар бірге жерленген. Қазба жұмыстары кезінде сиыр малының сүйегі, тас жебенің ұшы, құмыра сынығы, бақа сүйегінен жасалған тостаған табылды. Жерлеу ғұрпы дала өркениетіне ұқсамайтын обалар шетелдік ғалымдардың да қызығушылығын туғызып отыр. Ежелгі адамдардың байланысын зерттеуге Мичиган университетінің профессоры Алиша Вентреске Миллер де кірісіп, Ә. Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Арман Бейсембаевпен бірге қорымнан табылған мүрделерге генетикалық зерттеуді бастады. Халықаралық экспедиция құрамына мәскеулік археолог ғалым Алексей Хаванский де қосылды.
Қазіргі кезде Құмсайда жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарына Ақтөбе және Қарағанды университеттерінің тарих факультеті студенттері де қосылды. Өндірістік тәжірибеден өтіп жатқан студенттердің жағдайын көруге Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова келді.
Ақтөбе облысы