Білім • Бүгін, 15:10

Биыл Павлодар колледжеріне 6 мыңнан астам грант бөлінді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі уақытта Ертіс-Баян өңірінің 42 колледжінде құжат қабылдау науқаны қызу жүріп жатыр. Талапкерлер 71 түрлі мамандық бойынша таңдау жасап, тегін білім ала алады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл Павлодар колледжеріне 6 мыңнан астам грант бөлінді

Облыстық білім беру басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Қарлығаш Асайымованың айтуынша, биыл өңір колледжеріне 6250 грант бөлінген. 2023 жылы мұндай гранттар саны 5705 болса, былтыр 6200 грант үлестірілген.

- Мектеп түлектері 71 түрлі мамандық бойынша таңдау жасап, тегін білім ала алады. Олардың басым бөлігі сұранысқа ие жұмысшы мамандықтар екенін атап өткен жөн. Қазіргі уақытта 22 колледж әлеуметтік серіктестермен бірлесіп 48 жаңа мамандық бойынша білім беру бағдарламаларын әзірледі. Атап айтар болсақ, «Төтенше жағдайларда қорғау», «Жаңартылатын энергетика», «Жылжымайтын мүлікті басқару», «Наубайхана, макарон және кондитерлік өндіріс», «Пайдалы қазбаларды байыту», басқа да мамандықтар бар,-дейді ол.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша міндетті жұмыспен қамтылған кәсіпорындардың өтінімдері негізінде кадрларды мақсатты даярлау жүйесі енгізілді. Сол бойынша бүгінде арнайы тапсырыс аясында аймақ колледждерінде 1770 жас оқыса, алдағы жаңа оқу жылында бұл көрсеткішті 2500 студентке дейін арттыру жоспарлануда.

Тегін оқуға түскісі келетін 9-сынып түлектері 18 тамызға дейін, ал 11-сынып бітіргендер 20 тамызға дейін құжаттарын тапсыруы қажет. Колледж студенттеріне ай сайын 41 мың теңге шәкіртақы төленеді. Ауыл-аудандардан келетіндерге тегін жатақхана беріледі. Жұмысшы мамандықтары мен әлеуметтік осал топтардың студенттері тегін тамақпен қамтылады. Сондай-ақ, жол жүру ақысы үшін 4 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (15 728 теңге) өтемақы төленеді. 

Павлодар облысы