Оқиға • Бүгін, 12:35

12 жыл бойы жасырынып жүрген күдікті Дубайдан елге қайтарылды

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан құқық қорғау органдарының үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде ауыр қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген күдікті Біріккен Араб Әмірліктерінен елге экстрадицияланды, деп хабарлайды Egemen.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

12 жыл бойы жасырынып жүрген күдікті Дубайдан елге қайтарылды

Фото: Видеодан алынған кадр

Қылмыстық оқиға 2012 жылдың 25 наурызында Теміртау қаласында болған. Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті бұзақылық ниетпен жәбірленушіге еш себепсіз бірнеше мәрте дене жарақатын салған. Салдарынан жәбірленушінің жақ сүйегі екі жерден сынған.

Осы қылмыстан кейін күдікті ел аумағынан бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған. Іздестіру шаралары нәтижесінде оның Біріккен Араб Әмірліктерінде жүргені анықталған.

Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Қазақстанның Дубай қаласындағы елшілігінің қолдауымен күдіктіні елге қайтару жұмыстарын үйлестірді.

«Қазіргі уақытта күдікті қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін Қазақстан полициясына тапсырылды», делінген хабарламада.