Спорт • Кеше

Матвей Макрушин Азия чемпионатында күміс медаль жеңіп алды

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар табысты өнер көрсетіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Матвей Макрушин Азия чемпионатында күміс медаль жеңіп алды

Фото: ҰОК

100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Матвей Макрушин қоссайыс нәтижесі бойынша 331 (148+183) келіні еңсеріп, жастар арасында күміс медальға ие болды. Бұл салмақта бас жүлдені өзбекстандық Кудротбек Залимжонов жеңіп алды – оның нәтижесі 360 (169+191) келі. Ал қола медаль түрікменстандық Сулеймен Джафаровқа бұйырды – 327 (145+182) келі.

Сондай-ақ 110 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен тағы бір отандасымыз Санжар Жолтай ел қоржынына қола жүлде салды. Ол қоссайыста 340 (155+185) келіні көтеріп, үздік үштікке енді. Бұл салмақта чемпион атанған сириялық Касвара Джгили 364 (164+200) келіні еңсерсе, күміс медаль өзбекстандық Омидолло Олимовқа бұйырды – 351 (161+190) келі.