Өнер • Бүгін, 08:00

Әулиеата әуендері асқақтады

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты халық шығармашылығы орталығының ұйытқы болуымен «Әулиеата әуендері» жоба­сы­ның үздік­тері сахна төріне көте­рі­ліп, гала-концерт қойды. «Ерлік» мемо­риалдық кешеніндегі «Жеңіс» саябағында өткен думанды кешке тараздық өнерсүйер қауым көп жиналды.

Әулиеата әуендері асқақтады

Әдеби-мәдени кеш барысында сөз алған өңір басшысының орынбасары Серік Сәлемов жоба аясында тер төккен шығармашыл жастарды құттықтап, олардың кәсіби мансабына, шығармашылық жолына табыс тіледі. Ол жергілікті атқарушы билік талантты жастарды қолдап, ілкімді жобалар арқылы жастардың кәсіби тұрғыдан дамуына мол мүмкіндік қарастырылатынын атап өтті. «Дәстүрлі ән», «Аспапта орындау», «Вокал» аталымдары бойынша үздік шыққан қатысушыларға арнайы диплом мен кәдесый табыстады.

Ұйымдастырушы тараптың айтуынша, жоба жеңімпаздары орындаған әндер мен күйлер арнайы музыкалық жинаққа топтастырылған. Сәуір айында басталған өңірлік жобаның іріктеу кезеңі мамыр айында өткізілген. «Әулиеата әуендері» жобасына өңірдің барлық аудандары мен Тараз қаласынан 271 үміткер түрлі аталым бойынша бақ сынапты. Олардың ішінен сұрыпталып алынған 63 қа­тысу­шы облыстық кезеңге жолдама алған. Сол 63 сайыпқыранның арасы­нан үздік деп танылған 20 қатысушы гала-концертке қатысып, өнерін ортаға сал­ды.

Жергілікті атқарушы билік өкіл­де­­рінің айтуынша, жас талант­тар­дың өнерін таныту мақсатында қол­ға алын­ған мұндай ілкімді жобалар алдағы уақытта да жалғасады. Соған қарағанда өнерге аңсары ауған шығармашыл жастардың кәсіби тұрғыдан дамуына әлі де мүмкіндік болатын секілді.

 

Тараз