
Фото: baq.kz
Министрлік Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне қарасты Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп, ішкі және келу туризмі бойынша статистикалық деректер жинау жүйесін жетілдіру мәселесіне арналған жұмыс кездесуін өткізді. Жиында байланыс операторларынан алынатын ақпаратты пайдалана отырып, статистика жүргізудің жаңа тәсілдері талқыланды.
Кездесу барысында ұялы байланыс операторларының деректері негізінде дайындалған 2024 жылғы ішкі туристер туралы алдын ала талдау нәтижелері ұсынылды. Қатысушылар отандық саяхатшылар мен туристерді сапар ұзақтығына және түнеген-түнемегеніне қарай жіктеу тәсілдері, сондай-ақ қалыптасқан көрсеткіштердің ашықтығы мен шынайылығын қамтамасыз етуге қажетті әдістемелік өлшемдерді талқылады.
Статистикалық есеп жүргізу әдістемесін жаңарту қажеттілігі қолданыстағы есеп жүйесіндегі олқылықтардан туындаған. Мәселен, 2024 жылы Қазақстанға 15,3 миллион шетелдік турист келген, оның ішінде 10,4 миллионы ел аумағында бір күннен көп болған. Алайда олардың шамамен 9 миллионы орналастыру орындарында тіркелмеген, ал бұл нысандар ресми статистиканың негізгі дереккөзі саналады. Мұндай жағдай цифрлық құралдар мен жаңа дереккөздер арқылы есеп жүргізу тәсілдерін кеңейту қажеттігін айқын көрсетіп отыр.