
МӘМС пакетінен алынған қаражатқа нақты тоқталар болсақ, шығынның басым бөлігі, яғни 43,8 млрд теңгесі стационарлық көмекке, шамамен 2,8 млрд теңгесі күндізгі стационар қызметіне, 15,2 млрд теңге консультативтік-диагностикалық қызметтерге, жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын операцияларға 10,3 млрд теңге, медициналық реабилитацияға 3,7 млрд теңге жұмсалған.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың арқасында азаматтар жыл сайын түрлі хирургиялық оталарды жасатуға мүмкіндік алып отыр. Олардың арасында бағасын көпшіліктің қалтасы көтере бермейтін қымбат операциялар да бар. Құны бірнеше миллион тұратын қымбат оталарды сақтандырылған азаматтар төлеген жарнасының мөлшеріне қарамай жасата береді. МӘМС жүйесіндегі ортақ жауапкершіліктің мәні осында», деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалының директоры Ілияс Мұхамеджан.
Мысалы, осы жылы Алматы қаласында жалпы алғанда 8,8 млрд теңгеге 2995 операция жасалған. Бір отаның құны орта есеппен 3 млн теңгеге шығады. Сонымен қатар, 1871 нейрохирургиялық операция жасалған. Оған Қор 3,2 млрд теңге төледі. Тізе мен жамбас буындарын алмастыру операцияларына деген сұраныс та өте жоғары. Алматыда 2009 буын алмастыру отасы жасалыпты. Операциялардың жалпы құны 3,2 млрд теңгеге жетіп жығыладыТағы да нейро-қан тамыр және қан-тамыр жүйесіне жасаған 2083 отаға Қор 2,9 млрд. теңге төледі. Сонымен қатар, оңтүстік астанамызда жалпы құны 244,7 млн теңгелік 38 бауыр, бүйрек және жүрек алмастырылды. Мұндай бір отаның құны 10 млн теңгеге дейін жетіп жығылады және бүгінде бұл шығындар МӘМС қаражаты есебінен өтеліп жатыр.
Ең қымбат оталар үштігіне имплантталатын қосалқы жүрек жүйесі (LVAD) кірді, бұл - жүрекке қанды айдауға көмектесетін механикалық қондырғы. Ол транслантацияны күтіп жүрген немесе жүрегін алмастыруға болмайтын науқастарға қолданылады. Біреуінің құны – 77,5 млн теңге. 2025 жылы осындай 1 ота жасалды;
Екінші орында жүректің митралды қақпақшасын алмастыру тұр, оның құны – 17 млн теңге. 2025 жылы осындай 2 ота жасалды
Бұл үштіктің ішінде аллогенді гемопоэтикалық дің жасушаларын алмастыру да бар, құны – 17 млн теңге.