Аймақтар • Бүгін, 09:17

Он жасар баланы иттен құтқарған азаматқа құрмет көрсетілді

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осыдан он шақты күн бұрын Қарасай ауданы Алмалыбақ ауылындағы футбол алаңында 10 жасар Максим Головачевті иттер талап, бала ауыр жарақат алғаны белгілі. Оқиға орнына құзырлы органдар келгенше дер кезінде жеткен ауыл тұрғыны Серікбек Сақайбаев өміріне төнген қауіпті елемей, итке қарсы тұрып, оны бейтараптандырып, баланы өлім аузынан арашалап қалды. Бұл – нағыз азаматтық батылдық пен шынайы ерліктің үлгісі, деп жазады Egemen.kz.

Он жасар баланы иттен құтқарған азаматқа құрмет көрсетілді

Қарапайым азаматтың бұл батылдығы елеусіз қалмады. Оған құрмет көрсету мақсатында арнайы марапаттау шарасы ұйымдастырылды. Шара барысында Қарасай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рустам Атшабаров Серікбек Сақайбаевқа Алғыс хат пен демеушілер атынан қаржылай сыйлық табыстады.

Сонымен қатар, мерекелік жиынға аудандық полиция басқармасының басшысы Нұсқабек Зауланбаев пен төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бағдат Шәріпбеков арнайы келіп, бүгінгі күннің батырына Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырды. Қарасай аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сағат Мәсімақынов өз батасын беріп, бұл ерлік елге үлгі болатынын атап өтті.

«Бұл оқиға – әрбір азамат үшін үлкен сабақ. Қоғамдағы бейқамдық пен салғырттық адам өміріне қауіп төндіретіні анық. Заңсыз және бақылаусыз ит ұстау деректері анықталған жағдайда тұрғындар құқық қорғау органдарына немесе аудан әкімдігіне дереу хабарлауы тиіс. Қарасай ауданы әкімдігі Максимнің тезірек сауығып кетуін тілей отырып, бұл істі толық бақылауда ұстап отыр»,  деді салтанатты шараны қорытындылаған Рустам Атшабаров.

Алматы облысы