
Жергілікті ауруханалар сырқаттармен лық толы. Денсаулық сақтау жүйесінің мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, гуманитарлық көмек көрсетуге халықаралық «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымының мамандары жұмылдырылды. Алайда олар да ахуалдың қиындығын жоққа шығармайды.
«Дәрі-дәрмек тапшылығы, таза ауызсудың жетіспеуі және санитарлық жағдайдың нашарлығы індеттің алдын алуға және емдеуге үлкен кедергі болып отыр», дейді ұйым өкілдері.
Тырысқақ – аса қауіпті ішек инфекциясы. Ол көбіне лас су немесе залалданған тағам арқылы жұғады. Ауру адам ағзасында сұйықтықтың күрт жоғалуына себеп болады. Егер дер кезінде ем қабылданбаса, бірнеше сағат ішінде өлімге соқтыруы мүмкін.
Қазіргі таңда Конго билігі мен халықаралық ұйымдар індеттің таралуын тежеу үшін шұғыл шаралар қабылдап жатыр. Дегенмен, аймақтағы медициналық инфрақұрылымның әлсіздігі, гигиеналық жағдайдың төмендігі және таза ауызсудың жоқтығы жағдайды күрделендіріп тұр.