
Ешкі сүтінен сабын өндіріп отырған Әйтеке би ауданының жеке кәсіпкері Гүлжанат Жұмабекова, Алға ауданының құлпынай өсірушісі Жасмир Мырзагүл, шоколад қосылған құрт шығаратын Алина Абданбаева, бал өндіретін жеке кәсіпкер Николай Ровенский, бұғы мүйізінен дайындалған денсаулыққа пайдалы өнімдерімен танымал Бану Тілегенова, талдан түрлі бұйым жасайтын Мәртөк ауданының тұрғыны Виталий Зубков, түйе жүнінен сәнді бұйымдар әзірлейтін Аманкүл Ешмағамбетова, жантақ шөбінің шайын шығаратын Бекет Құдайбергенов, сүт өнімдерінен өңдеп, түрлі тағам шығаратын Айнұр Болысбай мен Нұрсұлу Сатаева алдағы күндері өңірлік кәсіпкерлік палатасы жанындағы комиссияда өз жобаларын қорғайды. Олардың арасынан озған үш жеңімпаз ішкі және сыртқы нарыққа өнімдерін шығаруға қолдау алады.
«Қазақстанның үздік тауары» және «Бір ауыл –бір өнім» конкурсына 80-нен астам жергілікті тауар өндіруші қатысты. Отандық өнімді қолдау мен ұлттық брендімізді қалыптастыру мақсатында қолға алынған жобаға қатысуға ықылас білдірушілер қатары жылма-жыл артып келеді. Арасындағы бәсекеге қабілеттілері сыртқы нарыққа сенімді түрде шығып жатыр. Түпкі мақсатымыз –«Ақтөбеде жасалған» деген маркасы бар тауарды еліміз аумағында ғана таратып қоймай, шетелдерге де шығару», дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы Дидар Боранқұлов.