
Shakarim University мен Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты Абай облысы Жаңасемей ауданы Қараөлең ауылына қарасты Қаратұмсық қорымында археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қос ғылым ордасы зерттеу жұмыстарын Ғылым және Жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Абай облысын кешенді тарихи-археологиялық зерттеу» ғылыми жобасы аясында қолға алған-ды.
Қаратұмсық археологиялық кешені – Шығыс Сарыарқа аймағы мен Семей ядролық сынақ полигонына жақын орналасқан жерде тұңғыш рет кешенді түрде археологиялық зерттеу жүріліп жатыр. Осынау игі істің басы-қасында жүрген археолог Айдын Жүнісханның айтуынша, Абай облысы аумағындағы тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін анықтау, тізімге алу және зерттеу мақсатында кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолға алынып отыр.
«Екі университеттің Археология институты ғалымдары бірлесіп биыл бұрын-сонды археологиялық тұрғыдан зерттелмеген, тың аймақ Жаңасемей ауданында зерттеу жұмыстарын бастады. Барлау жұмыстары Қараөлең, Ақбұлақ, Абыралы, Көкентау, Жиенәлі, Абыралы, Алғабас, Айнабұлақ, Достық, Приречный ауылдарының аумағында атқарылды. Географиялық тұрғыдан Дегелең, Абыралы, Жаңғызтау, Көкентау, Доғалаң, Мыржық, Дуана, Арқарлы, Семейтау және тағы басқа ұсақ шоқылы тау жүйелеріндегі ескерткіштер зерттелмек. Барлау жұмыстары барысында барлығы 200 жуық археологиялық ескерткіш анықталды. Ескерткіштердің басым бөлігін қола дәуірі мен ерте темір дәуірінің жерлеу орындары, тас дәуірінің тұрақтары және сақ заманының қоныстарына тән», дейді археолог ғалым.
Оның айтуынша, кешеннен сақ заманымен сәйкес келетін 17 қоныс табылған. Бүгінге дейін Абыралы-Қайнар өңірінде сақ қоныстарының бар екені айтылып жүрсе, археологиялық зерттеу нәтижесінде нақты қоныс орындары бары дәлелденіп отыр. Олардың беткі қабатынан 70-тен аса тастан жасалған еңбек құралы, қыш ыдыс бөлшектері мен тұрмыстық бұйымдар табылған. Бұл материалдар осыдан 2700-2500 жыл бұрын (б.з.д. IX–VII ғасырлар шамасы) осы өңірде өмір сүрген сақтардың мәдени-экономикалық даму деңгейін, мал шаруашылығы, егіншілік пен металлургия саласындағы озық тәжірибесін айғақтап, Орта Азия, Сібір өңірлерімен мәдени байланысын терең зерттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар археологиялық кешен еліміздің солтүстік-шығыс бөлігінің де археологиялық әлеуеті жоғары екенінің дәлелі бола алады. Білгенге, бұл «тіс шұқып отырып» айта салатын қысыр сөз емес, астын сызып айтар тарихи жаңалық.
«Археологиялық зерттеу барысында ежелгі заманда адамдардың тұрмыста және шаруашылық мақсатта қолданған еңбек құралдары, қыштан жасалған ыдыстардың қалдықтары табылды. Ерекше назар аударарлық олжа – бір тұрғын-жай ішінен табылған өңделген 37 асық. Мұндай көлемде бір нүктеден табылған асықтар Қазақстан археологиясында бұрын-соңды кездеспеген және бұл жәдігерлер сақ дәуіріндегі ойын-сауық, діни-мәдени ғұрыптар туралы тың мәлімет береді. Сонымен бірге жәдігерлер қазақ даласының байырғы тұрғындарының керамика, металл өндіру, құрылыс және мал шаруашылығы сияқты салаларда жоғары технологиялық деңгейге қол жеткізгенін көрсетеді. Қаратұмсық – ХХ ғасырда жабық болған, археологиялық тұрғыдан толық зерттелмеген Семей полигоны аймағында шоғырланған тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін зерттеуге мүмкіндік берген маңызды нысан. Бұл ескерткіш – тек ғылыми құндылық қана емес, сондай-ақ мемлекеттің мәдени мұрасын сақтау мен болашақ ұрпаққа жеткізудің нақты үлгісі болмақ», дейді ғалым А.Жүнісхан.
Расында өңделген 37 асықтың айтар сыры әлі мол. Күні кеше күллі әлемге дүбірі жеткен V Көшпелілер ойынының көрігін қыздырған, біздің бүгінгі ұлттық ойындарымыздың ең негізгісі, ауылда өскен әр қарадомалақтың сүйікті ойыны – асық ату екені анық. Ал оның тамыры тереңде жатқаны, сабағы сақ дәуірімен байланысы барын білгенде, рас кеудемізді бір мақтаныш кернегені бар.
Сонымен бұл экспедицияңыз Абай облысындағы археологиялық мұраны кешенді зерттеуді үйлестіретін негізгі ғылыми орталыққа айналып отыр. Қазба жұмысына Шәкәрім университетінің оқытушыларымен қатар еліміздің өзге де жоғары оқу орнының студенттері қатысып, далалық археология әдістерін меңгеріп, тәжірибенің тәтті дәмін татып жүрген көрінеді.
«Қаратұмсық археологиялық кешенінде жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысып, ерекше әсер алдым. Бұл – тек археологиялық жаңалық қана емес, ұлтымыздың терең тарихына жол ашатын маңызды ғылыми жетістік. Табылған жәдігерлер – ата-бабаларымыздың отырықшылық мәдениеті, шаруашылық дәстүрі мен рухани өмірінен сыр шертетін бірегей деректер. Әсіресе, бір жерде табылған 37 асық – сақ дәуіріндегі балалардың ойын-сауық мәдениетіне қатысты алғашқы нақты дәлелдердің бірі болуы мүмкін. Шәкәрім университетінің Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлесіп атқарып жатқан бұл жобасы – ғылыми байланыстың жарқын үлгісі. Екі ұжымның бірлескен еңбегі нәтижесінде бұрын белгісіз болып келген тарихи деректер жаңаша сипат алып отыр. Сондай-ақ, осы далалық зерттеуге белсенді қатысып жатқан студенттердің жұмысын ерекше атап өткім келеді. Олар теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, археологиялық әдістерді кәсіби деңгейде меңгеріп келеді. Бұл – болашақ мамандар үшін баға жетпес мүмкіндік әрі отандық археология ғылымының лайықты жалғасы. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, жастар үшін үлкен тәжірибе мектебіне айналатынына сенеміз зор», дейді Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков.
Қос білім ошағының Археология институты ғалымдары тапқан сақ қоныстары әлі де зерттеліп-зерделене түспек. Олардың қазба жұмысынан анықтаған сақ тұрғын-жайының құрылымдық ерекшеліктері, ішкі жоспары, құрылыс материалдары мен түрлі бұйымдар да жүйелі зерттеуді қажет етеді. Сонымен қатар археологиялық жәдігерлер Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозициясын жаңа мол мазмұнмен толықтырып, өңірдің көне мәдениетін халыққа таныта бермек.
Абай облысы